$464.77 €541.36 ₽5.41
×

Қарағандыда полиция жол ережесін бұзған шетелдіктерге ағылшын тілінде түсіндіру жұмысын жүргізді

Қарағандыда полиция жол ережесін бұзған шетелдіктерге ағылшын тілінде түсіндіру жұмысын жүргізді
Polisia.kz

Қарағандыда патрульдік полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережесін бұзған Германия азаматтарын тоқтатты. Оларға ескерту жасаған инспектор туристермен ағылшын тілінде сөйлесіп, қауіпсіздік талаптарын өздеріне түсінікті түрде жеткізді. Оқиға Воинов-Интернационалистов көшесінде болған.

Патрульдік полиция қызметкерлері шетелдік туристердің бағдаршамның қызыл түсіне қарамастан жолдың жүріс бөлігін кесіп өткенін байқаған. Инспекторлар азаматтарды тоқтатып, профилактикалық әңгіме жүргізді. Германия азаматтарына Қазақстан Республикасының жол жүрісі қағидалары түсіндіріліп, жолдан тек рұқсат етілген сигнал кезінде өту қажеттігі ескертілді. Бұл ретте полицейдің шетелдік қонақтармен тілдік кедергісіз сөйлесуі назар аудартты. Патрульдік полиция полкінің қызметкері Бағлан Рахимжанов қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгерген. Қарағанды облысының полиция органдарында қызмет атқарып жүргеніне бір жыл болған. Оның айтуынша, шет тілдерін білу күнделікті қызмет барысында айтарлықтай көмек береді. Әсіресе, шетел азаматтарымен қарым-қатынас кезінде құқықтық талаптарды дұрыс әрі түсінікті жеткізуге мүмкіндік береді.

 

Полицей үшін әр адаммен ортақ тіл табыса білу маңызды. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуім азаматтармен еркін сөйлесуге мүмкіндік береді. Шетелдік қонақтарға ескерту жасаған кезде олардың заң талаптарын дұрыс түсінуі маңызды. Сондықтан тек құқық бұзушылықты көрсетіп қана қоймай, оның не себепті қауіпті екенін түсіндіруге тырысамын, – деді Бағлан Рахимжанов.

 

Полицейлер жол қозғалысына қатысушыларға бағдаршамның қызыл түсі жаяу жүргіншілер үшін де тыйым салынғанын еске салады. Жол бос көрінгенімен, жүріс бөлігін тек бағдаршамның рұқсат беретін сигналы жанған кезде кесіп өту қажет. Полиция жол қауіпсіздігі талаптарының баршаға ортақ екенін атап өтті. Профилактикалық жұмыстар азаматтардың қай елдің азаматы екеніне қарамастан жүргізіледі. Басты мақсат – жазалау емес, құқық бұзушылықтың алдын алып, адам өмірі мен денсаулығын қорғау.