Банктер шілде айынан бастап "7-20-25" бастамасы бойынша ипотекалық несие бере бастайды. Ұлттық банк басшылығы осылай деді. Бүгін Үкіметте аталған бастаманың жұмыс жасау тетіктері пысықталды. Баспана кімге бұйырады? Мөлдір Бақыт-қызы тарқатады.
Мөлдір Бақыт-қызы, тілші:
"Қол жетімді баспана 2020", "Нұрлы жер", енді міне "7-20-25" Үкімет барлық схеманы байқап көріп, ақыры ипотеканың үстемесін 7 пайызға дейін түсіріп жібермекші. Дегенмен, Ұлттық банк төрағасы масылдыққа жол бермеу үшін қарыз алушының төлем қабілеті толық тексеріледі, деді.
Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банк төрағасы:
Бағдарлама масылдыққа жол бермеуі тіиіс. Бағдарлама қарыз алушының төлем қабілеттілігін талап етеді. Бағдарламаға ресми кірісі бар Қазақстан азаматы қатыса алады.
Демек, рәсімдеу бойынша "дәстүрлі ипотекадан" айырмашылығы болмайды. Ұлттық банк жанынан еншілес компания құрылады. Капиталы бас банк есебінен. Ол компания банктер тұтынушыға берген ипотекаларды сатып алады. Жаңа компания тұтынушымен тікелей жұмыс істемейді, ол тек банктермен. Бастама бойынша пәтер алу үшін тағы банк жағалайсыз. Жоба мамыр айында бекітіледі. Содан соң ипотека беріле бастайды.
Олег Смоляков, ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары:
Бірінші жартыжылдықта дайындық жұмыстары жүргізіледі. Екінші жартыжылдықта банктер несие бере бастайды. Осы бастама бойынша несиелердің алғашқы пулы бекітілген соң, біздің еншілес компания оларды сатып алады. Сөйтіп механизм іске қосылады.
"Алғашқы жылдары банк ипотекасы субсидияланады" деді Смоляков. Әлбетте, нарықта банктерді 7 пайыз несиеге көндіру мүмкін емес. Өйткені, бүгінде Ұлттық банк бекіткен базалық ставканың өзі - 9 пайыз. Яғни екінші деңгейлі банктер 9 пайызға қарыз алып, оны 7 пайызға бермесі анық. Нарықтағы пайыздық мөлшерлеме сондықтан 14-16 пайыз. Бәрі пайда тапқысы келеді. 2020 жылы инфляция 4 пайыз болады деген болжам бар. Биыл 6-7 пайыз. Ұлттық банк өкілдері жаңа бастама бойынша 7 пайыздық үстеме, кейін өзімен өзі нарықтық үстемеге айналады, - дейді.
Мөлдір Бақыт-қызы, тілші:
Тағы
бір проблема, кезінде ипотеканы оңды-солды беріп, қайтпай қалған қарыз көлемі
ұлғайып кеткен. Әсіресе, бұл валютамен рәсімдегендерге қатысты. Содан соң екі
жыл бұрын ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру бағдарламасы енгізілді. Оған
130 млрд теңге бөлініп, 30 мың адамға көмек көрсетілді. Ипотека рәсімдеу
бойынша қарыз көбейіп кетпеу үшін, бұл заңды да тас түйін ету керек. Ұлттық
банк алдымен наурызда осы ипотека туралы заңды жөнге келтіреді. Содан соң,
мамырда "7-20-25" ті бекітеді.