Ақтөбеде анасын пышақтап өлтірді деп айыпталған жасөспірім созылмалы шизофренияға шалдыққан. Бірнеше айға созылған сараптама нәтижесі шықты. Жасөспірім Талғардағы психиатриялық ауруханаға жатқызылды. Қайғылы оқиға былтыр жаңа жыл қарсаңында болған. 16-дағы бала анасына ашуланып, пышақтап өлтірген. Оны тоқтатпақ болған әжесі де жарақаттанған. Жасөспірімнің мұндай ауыр қылмысқа баратынын жақындары да күтпеген. Себебі ол мектепте жақсы оқып, түрлі олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болған. Алайда әжесінің айтуынша, соңғы уақытта немересінің мінез-құлқында өзгерістер байқалған. Кейде ашуға беріліп, мінез көрсеткен. Отбасы мұны жасөспірімнің өтпелі кезеңіне тән құбылыс деп қабылдаған. Жасөспірім қазір сот отырыстарына қатысып жатқан жоқ. Сараптама қорытындысы ескеріліп, сот жасөспірімге бас бостандығынан айыру жазасының орнына мәжбүрлі емдеу шарасын тағайындауы мүмкін. Нақты шешім келесі сот отырысында белгілі болады.