Атыраулықтар биыл алғаш рет "Көрісу мерекесін" дүбірлетіп тойлап жатыр. Мерекеге жергілікті әртістерден бөлек, Түркия, Азербайжан, Ресей мен Өзбекстан елдерінен өнерпаздар шақырылған. "Ұлы даланың ұлттық дәстүрі" деп аталатын халықаралық форум да осы күнге орайластырылды. Исатай-Махамбет алаңында салтанатты түрде ашылған шара қазақ халқының бай дәстүрін паш еткен театрландырылған қойылымға жалғасты. Қыс пен көктемнің арпалысы, артынша табиғат ананың бусанып, көктемнің келуі жылжымалы сахнада әсем бейнеленген. Оған шетелдік театр әртістері де ат салысты, шамамен 700-дей әртіс өнер көрсетті. Мерекеге арнайы келген Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаев "Көрісуге" қатысты пікірімен бөлісті.
Алтынбек Қоразбаев, Қазақстанның халық әртісі, композитор:
Түркі халқы 14-і күні екен. Оның үстіне Атырау елі - әдет-ғұрыпқа, салт-санаға жақын бір ел. Бұл біздің келешегіміз, болашағымыз, соларға үлкен ұйытқы деп ойлаймын мен. Соларға өсиет, өнеге. Елдің бәрі амандасып, құшақтасып жатыр. Концерт болып жатыр. Бұл үлкен бастама деп ойлаймын, болашақта біз 14-ін қалап алатын шығармыз.
Халықаралық форум екі күнге жалғасады. Бүгін мәдени, спорттық шараларға басымдық берілсе, ертең, ғылыми-тәжірбиелік конференция өтеді деп жоспарланған. Республикалық ақындар айтысы мен Қазақстанның халық әртісі Бақыт Қарабалина атындағы домбырашы қыз-келіншектердің сайысы басталды. Алаңда ақшаңқай киіз үйлер қаз-қатар тізілген. Тіпті этнос өкілдерінің де шатырлары келушілерге есігін айқара ашты. Күннің суық болғанына қарамастан, алаңға жиналғандар қарасы қалың. Қонақтардың көңіл-күйі де жоғары. Бірі концерт тамашаласа, бірі ұлттық спорт түрлеріне ұйымдастырылған сайыстарда бақ сынауда.
Құттығұл Жұматайұлы, Атырау облысының тұрғыны:
Атырау облысының әікімінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан шара.
Халыққа берері көп қызықты нәрселерді, ұлттық дәстүрлерді көрсетіп, риза болып
жатырмыз. Мереке құтты болсын. Бұл - халық үшін, ел үшін, болашақ ұрпақ үшін ең
маңызды мереке болып есептелінеді.