Азия құрлығын табиғат әбігерге салып жатыр. Непалда қаза тапқандар саны 1400 ден асты. Ал Индонезияда Анак-Кракатау жанартауы оянып, көк жүзін қалың күл басты. Апат аймағындағы жұрт баспанасыз қалып, әлемдік қоғамдастықтан көмек күтуде. Әлем жаңалықтарына бүгін Аяулым Изатқызы шолу жасады.
Непал мен Қытай шекарасын жайпап өткен жойқын су тасқынынан қаза тапқандар саны 1 400 адамнан асты. Мыңдаған тұрғын үй-жайсыз қалып, уақытша баспаналарды паналауға мәжбүр. БҰҰ мен халықаралық ұйымдар зардап шеккен халыққа жәрдемдесу үшін шұғыл түрде 50 миллион долларға жуық қаржы бөлуге үндеу тастады. Нувакот өңіріндегі «Himalayan Academy» мектебі де қазір уақытша панаға айналған. Мұнда ата-анасыз қалған бүлдіршіндер, жүкті әйелдер мен баспанасыздар орналастырылған.
САНЧИ ЧИТРАКАР, «HIMALAYAN ACADEMY» МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
Бірінші болып келгендер қазір бізге туғанымыздай болып кетті. Қаласаң да, қаламасаң да, мемлекет нақты шешім тапқанша оларды қабылдауға мәжбүрміз. Билік бұл мәселені шешкенше, мен оларға қолымнан келгенше көмектесе беремін.
Топан судың салдарынан тұрғындардың үйлеріне қайтуы мүмкін болмай отыр. Тасқынмен келген лай батпақ бетон сияқты қатып, оның астында қалған жандардың денесін алып шығу да қиын. Жергілікті шаруа Раджу Мизардың да күріш алқабы су астында қалған.
РАДЖУ МИЗАР, ТҰРҒЫН:
Табиғат бізді құтқара да, жойып жібере де алады. Құбылмалы дүниеге сенім арта алмаймыз.
Индонезияда Анак-Кракатау жанартауы аяқасты атқылап, қауіпті жағдай туғызды. Түн ішінде көкке атылған от пен сұр күл атмосфераның 15 шақырым биіктігіне дейін көтерілген. Бұл жағдай аймақтағы әуе қатынасын бұғаттап, 8 ірі әуежайда 170 мыңнан астам жолаушы сапарға шыға алмай қалды. Ал тұрғындар әуе компаниялары тарапынан ескертудің кеш берілгеніне ренжулі.
ЭТСИ ЛАКСИТА РИНИ, ЖОЛАУШЫ:
Жанартаудың атқылағанын түсінемін, бұл — табиғи апат. Бірақ рейстердің тоқтатылатыны туралы неге бізге алдын ала ескертпеді? Таңертең ертемен әуежайға келіп, босқа сабылып отырмыз. Барлық маңызды жоспарларымыз бұзылды.
Қауіп тек әуе кеңістігімен шектелмейді. Жанартау күлі ондаған шақырымдағы елді мекендерді, көшелер мен үйлерді тұтас жауып тастады. Жергілікті билік тұрғындарға далаға шықпауды, арнайы бетперде киюді ескертеді. Бұған қоса, халық арасында 2018 жылғы жойқын цунами қайталануы мүмкін деген үрей басым.
ДАМАР АДИТЬЯ, ТҰРҒЫН:
Цунами қайталана ма деп қатты қорқамын. Анак-Кракатаудың кесірінен болатын табиғи апаттардан зәре-құтымыз қалмайды. Әйтеуір күл тезірек тазарып, жаңбыр жауса екен деп тілейміз.
Қазір Индонезия билігі жанартау төңірегіндегі 3 шақырымдық аумақты толықтай жауып, қауіптіліктің 3-деңгейін жариялады.