16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желі шектеле ме? Жанарбек Әшімжан Үкіметке сауал жолдады
Бүгінде әлеуметтік желі баланың бос уақытын өткізетін орта ғана емес, оның психологиясы мен мінез-құлқына, денсаулығы мен білім алуына айтарлықтай ықпал ететін факторға айналды. Депутат, «Әділет» фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжан мен фракцияластары балалардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Үкіметке депутаттық сауал жолдады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін әлеуметтік желілердің балалар дүниетанымына ықпалы зор екенін атап өтіп, 16 жасқа толмағандардың тіркелуіне заң жүзінде тыйым салу бастамасын қолдаған болатын.
Осы мәселеге тоқталған депутат өз сауалында:
«Мәселе баланың әлеуметтік желіде отыруында ғана емес, оның уақыты мен жадын жоғалтуында. Әлеуметтік желіге шамадан тыс әуестік баланың кітап оқуына, спортпен айналысуына, отбасымен қарым-қатынасына және сабаққа дайындалуына бөлінетін уақытты қысқартады. Соның салдарынан зейін қою, ақпаратты терең қабылдау және өздігінен ойлау дағдылары түбегейлі әлсірейді», — деп атап өтті.
Депутат келтірген деректер мәселенің қауіпті шекке жеткенін көрсетеді:
Халықаралық тәуелділік: HBSC (ДДҰ) зерттеуі бойынша жасөспірімдердің әлеуметтік желіге тәуелділігі 2018 жылғы 7%-дан 2022 жылы 11%-ға өскен.
Ерте тіркелу: ЮНИСЕФ дерегінше, Қазақстанда 9–10 жастағы балалардың 60%-ында, ал 11–12 жастағылардың 66%-ында желіде аккаунт бар. Балалардың 88%-ы жеке смартфон ұстайды.
Кибербуллингтің артуы: Балалар әл-ауқаты индексіне сүйенсек, желіде буллингке ұшыраған 10–18 жас аралығындағы балалар үлесі 2024 жылғы 15%-дан 2025 жылы 33,5%-ға дейін, яғни екі еседен астам өскен.
Қазіргі таңда Австралия, Бразилия және Индонезия сияқты 25-тен астам ел 15-16 жас аралығын негізгі шектеу ретінде қарастырып отыр.
Осыған байланысты «Әділет» фракциясының депутаттары Үкіметтен мынадай нақты шараларды талап етті:
1. 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желіге тіркелуін шектеу тетігін нақтылау;
2. Балалардың жеке және цифрлық деректерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
3. Мектептерде цифрлық гигиена мен медиасауат сабақтарын жүйелі түрде оқыту;
4. Әлеуметтік желінің бала денсаулығы мен оқу үлгеріміне әсерін бағалайтын ұлттық мониторинг жүйесін енгізу.