Құрылтай депутаттары өз бастамаларымен заң жобасын әзірлеп, ұсына алады. Оған Үкіметтің арнайы қорытындысын алу міндетті емес. Құрылтай депутаттарының қызметін реттейтін құжат қабылданды. 31 тарау, 310 тармақтан тұратын ережеде халық қалаулыларының міндеттері мен құқықтары толық көрсетілген. Қазақстанда заң шығару процесі қандай тәртіппен жүзеге асатынын әріптесім Айсәуле Съезбек түсіндіреді.
АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:
Жаңа регламент бойынша Құрылтай отырысы заңды деп танылуы үшін депутаттардың кемі 3/2-сі қатысуы тиіс. Бүгінгі отырысқа 145 депуттаттың 5-і келмеген. Әр сессияда халық қалаулылары ауыл-аймаққа 2 рет сапарлап, ел тынысымен танысуға міндетті. Сайлаушылармен кездесуге 10 күн уақыт берілген.
Бұрын Мәжіліс екі рет талқылаған заң кейде Сенаттан өтпей қалатын. Осылайша қоғамға қажетті нормалардың енгізілуі ұзаққа созылатын. Енді бір палаталы Құрылтай мейлінше қысқа уақытта заң жазамыз дейді. Регламентке сай енді заң қабылдау 3 кезеңнен өтеді.
СНЕЖАННА ИМАШЕВА, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, «ӘДІЛЕТ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Бұл 3 оқылым заңның сапасын жақсарту үшін, заңды жан-жақты қарау үшін енгізілген.Бірінші оқылымға шығару үшін комитет 90 күннен асырмау керек. Ал енді 1 мен2 оқылым арасында депутаттардың ұсыныстары, түзетулері жан-жақты зерттеледі, қаралады. 2-3 оқылым арасында тек 15 күн бар.
Әр дүйсенбі сайын депутаттар Үкімет сағаттарына қатысады. Ал сәрсенбі не бейсенбі күндері жалпы отырысқа жиналады. Ал Құрылтай тыңдаулары жұма күнге белгіленген. Әр депутаттық сауалға 4 минут уақыт беріледі. Көтеретін тақырыптар бойынша шектеу жоқ.
ҮНЗИЛА ШАПАҚ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, «ӘДІЛЕТ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Депутат сауал жолдағаннан кейін бір айдың ішінде лауазымды тұлға жауап беруге міндетті. Белгілі деңгейде көңілінен шықпайтын болса, онда лауазымды тұлғаны шақыртып алып, мазмұны бойынша түсінік алуға, талқылауға құқығы бар. Толық емес болатын болса, жеткіліксіз деп санайтын болса, осы жағдайда Құрылтайға лауазымды тұлғаны шақырып мазмұны бойынша жария оқылуға шақыруға құқығы бар.
АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:
Құрылтайда әдеп нормалары күшейді. Енді талқылауға себепсіз қатыспаған, өз дауысын басқа депутат арқылы бергендер жауапкершілік арқалайды. Ескертуден басталған жаза жалақыдан айыруға дейін барады. Талап депутаттардың жұмыстан тыс уақыттағы іс-әрекеттеріне де байланысты.
ДАНИЯ ЕСПАЕВА, ҚР ҚҰРЫЛТАЙ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Депутаттық әдепті бұзған депутатқа қатысты бірнеше тәртіптік шара көзделген. Біріншісі - ескерту, екіншісі - депутаттың көпшілік алдында кешірім сұрауы. Сонымен қатар депутатқа Құрылтай отырыстарының бірінде сөз беруге тыйым салынуы мүмкін. Бұдан бөлек, үш отырыс бойы сөз бермеу және депутатты отырыстан шығару сияқты шаралар да қарастырылған.
Құрылтай жұмысын цифрландыру бойынша да регламентте нормалар енгізілген. Президент тапсырмасымен бүгінгі күні е-Құрылтай жүйесі әзірленіп жатыр. Халықпен кері-байланысты нығайту үшін әр фракция өз депутаттарын өңір-өңірге бөледі. Жұртшылық сенім білдірген атқамінерлерге әлеуметтік желі, Е-өтініш арықлы немесе қабылдауына жазылу арқылы мәселесін жеткізсе болады.