$450.79 €524.13 ₽5.31
×

Президент VІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздарын марапаттады

Президент VІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздарын марапаттады

Мемлекет басшысы VІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады. Қырғызстанда өткен сайыста Қазақстан Ұлттық құрамасы жалпы командалық есепте бірінші орын алды. Түркі халықтарының ұлттық ойындарына жыл өткен сайын әлем назары ерекше ауып отыр. Сондықтан Президент бұл жеңісті ел мерейін өсірген елеулі жетістікке балады.

Бішкектегі көшпенділер ойындарынан қазақстандық спортшылар 74 медаль иеленді. Оның 32-сі - алтын. Осылайша қазақтың жігерлі қыз-жігіттері жеңімпаз ұлт екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл дүбірлі доданың миссиясы - халық достығын нығайту. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев сайысқа әділ баға беріп, жоғары деңгейде ұйымдастырған Қырғыз басшысына ризашылық білдірді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Әлемнің 100-ден астам елінен келген спортшылармен бәсекеге түсіп, көк байрағымызды биікке көтеру – нағыз ұлт перзенттеріне тән асыл қасиет. Ұлттық командамыз ел үмітін толығымен ақтады деп айтсақ, әділеттікке сай сөз болады. Мен Президент ретінде баршаңызға Отанымызға әкелген рухты жеңістеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздерге тұтас халқымыз жанкүйер, тілекші болды.

Ұлы дала мұрагерлерінің дәстүрлі ойындарын дәріптеп, әлемге таныту - баршамызға ортақ іс. Жарысты бірлесе дамытуға Қазақстан қашан да белсенді атсалысады. Соңғы 7 жылда ел ішінде 500-ден астам спорт нысаны салынды. Спорт мектебінің оқушыларнына бөлінген қаржы 2 есе ұлғайды. Мемлекет есебінен 220 мың бала түрлі спорт үйірмелеріне қатысты. 8 млн азамат дене шынықтырумен жүйелі айналысады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз – Ұлы дала өркениетінің заңды мұрагерінің біріміз. Батыр бабаларымыз ұлан-ғайыр жерді бізге аманат етті. Салт-дәстүрімізді, рухани құндылықтарымызды мұра етіп қалдырды. Қастерлі қазынаны көздің қарашығындай сақтап, жас буынға табыстау – ортақ парызымыз. Осы рухты борышымызды өркениетті, мәдениетті түрде, абыроймен жүзеге асыруымыз қажет.

Ұлттық спорттты дамыту- Үкімет пен әкімдіктердің басты міндеті. Жыл сайын ел ішінде қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, көкпар мен бәйгеден мыңнан астам жарыс өтеді.  Ұлттық спорт түрлерінің фестивалі, «Ақ бидай» ауыл ойындары, «Қазақстан барысы» додасы ел асыға күтетін мерекелік шараға айналды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: 

Ең бастысы, ұлттық спорт пен олимпиадалық спорт түрлері заң жүзінде тең мәртебеге ие болды. Бүгінде қазақ спортының беделі зор. Мұны бүкіл әлем мойындайтын болды. Қазақстан спортшылары әрдайым үздіктер қатарында. Күні кеше даңқты спортшымыз Елена Рыбакина теннистен әлемнің бірінші ракеткасы атанды. Бұл – шын мәнінде өте үлкен жетістік.

Қазақстан - халықаралық додаларды өткізуде әбден ысылып, тәжірибе жинаған өлке. Спорт, білім мен инновация бойынша биыл да талай іс-шара ұйымдастырдық. Келер жылы елорда төрінде 7 бірдей әлем чемпионаты жалауын желбіретеді. Үш жылдан соң Қысқа Азия ойындары Алматыда өтеді. Сөз соңында мемлекет басшысы Бішкекте көк туымызды биікке көтерген бір топ спортшыны мемлекеттік наградамен марапаттады.