АҚШ президенті Дональд Трамп әрбір кәмелетке толған америкалыққа 5 мың доллардан төлеуді ұсынды. Оның айтуынша, бұл төлем республикашылдар қарашадағы сайлауда Конгрестің қос палатасында да жеңіске жетсе, жүзеге асады. Алайда бастаманың қалай қаржыландырылатыны әзірге белгісіз.
Трамп бұл бастамасын Техаста өткен Республикалық партия съезінде мәлімдеді. Енді есептеп көрелік, АҚШ-та 270 миллионға жуық кәмелетке толған азамат бар. Демек, ұсынысты жүзеге асыруға шамамен 1,3 триллион доллар қажет. Президент бұл қаражаттың импорттық тауарларға салынған тарифтерден түскен кіріс есебінен төленуі мүмкін екенін айтты.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Егер республикашылдар Өкілдер палатасы мен Сенатта жеңіске жетсе, мен АҚШ-тың әрбір кәмелетке толған азаматына 5 мың доллардан дивиденд төлеймін. Біз бұл ақшаның Америка Құрама Штаттарында жұмсалғанын қалаймыз. Канадаға, Қытайға немесе Германияға барып жұмсағандарыңызды қаламаймыз.
Бұған дейін Трамп тарифтерден түскен қаржы есебінен америкалықтарға 2 мың доллардан төлеуді де ұсынған. Алайда ол бастама Конгресстің қолдауына ие болмады. АЛ Вице-президент Джей Ди Вэнс бұл бастаманы америкалық жұмысшылар үшін тиімді деп бағалады. Оның айтуынша, Трамп енгізген тарифтерден қазынаға қомақты қаржы түсіп жатыр.
ДЖЕЙ ДИ ВЭНС, АҚШ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:
Президенттің бұл ісін америкалық жұмысшыларға берілетін қолдау десек болады. Біз қазір өте жоғары кіріс алып жатырмыз. Өйткені президент шетелдік компаниялар мен мемлекеттердің америкалық жұмысшыларды пайдалануына қарсы шара қолданып келеді. Сондықтан мен бұл ұсынысты даулы деп санамаймын.
Дегенмен Трамптың бастамасы бірқатар сұрақ туғызғаны да рас. АҚШ-та федералдық бюджет шығынын Конгресс бекітеді. Ал сайлау нәтижесіне ықпал ету мақсатында ақша төлеуге заңмен шектеу қойылған. Демократтар бұл ұсынысты «құр уәде» деп сынаса, сарапшылар бастаманың заңдылығы мен жүзеге асу мүмкіндігін талқылап жатыр.