$450.91 €522.69 ₽5.33
×

Непалда су тасқынынан кейін мектептерді қалпына келтіруге $15 млн-нан астам қаржы қажет

Непалда су тасқынынан кейін мектептерді қалпына келтіруге $15 млн-нан астам қаржы қажет
Фото: the Kathmandu Post

Мектептерді шұғыл қалпына келтіруге және оқу процесін қайта бастауға шамамен 688 мың доллар қажет. Ал білім беру инфрақұрылымын ұзақ мерзімді қалпына келтіруге тағы 14,7 млн доллар қажет болады, деп хабарлайды Astana TV. 

Непал билігі жойқын су тасқынынан зардап шеккен білім беру инфрақұрылымын қалпына келтіру шығынын 2,34 млрд непал рупиясы немесе шамамен 15,3 млн долларға бағалады. Табиғи апат салдарынан 9 мыңнан астам оқушының оқуына кедергі келді.

Бұл туралы The Kathmandu Postбасылымы жазды.

Бағалау Ұлттық жоспарлау комиссиясы мен Табиғи апаттар қаупін азайту және басқару ұлттық басқармасының жетекшілігімен техникалық топ жүргізген шығындар мен қажеттіліктерді жедел бағалау қорытындысы бойынша жасалды.

Биліктің мәліметінше, Расува ауданында 18 мектеп зардап шеккен. Оның 11 ғимараты толығымен қираса, тағы жетеуі зақымданған. Ғимараттармен бірге оқу құралдары, жиһаздар және басқа да мүлік жойылды.

Мектептерді шұғыл қалпына келтіруге және оқу процесін қайта бастауға шамамен 688 мың доллар қажет. Ал білім беру инфрақұрылымын ұзақ мерзімді қалпына келтіруге тағы 14,7 млн доллар қажет болады.

Үкімет табиғи апат салдарынан ата-анасынан немесе қамқоршысынан айырылған, сондай-ақ үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған балаларға арналған арнайы стипендиялық бағдарлама жариялады. Бұл қолдау олардың мектепті аяқтағанға дейін білім алуын жалғастыруына мүмкіндік береді.

Инфрақұрылымды қалпына келтіру

Су тасқыны білім беру жүйесіне ғана емес, елдің басқа да салаларына зардабын тигізді. Үкіметтің алдын ала бағалауынша, зақымданған бүкіл инфрақұрылымды қалпына келтіруге шамамен 4,74 млрд доллар қажет. Оның 75%-ға жуығы энергетика, жолдар, тұрғын үй және негізгі коммуналдық нысандарды қамтитын инфрақұрылымға тиесілі.

Су тасқыны салдарынан 69 шақырым автомобиль жолы зақымданып, 33 автокөлік көпірі қирады, тағы төртеуі бүлінді. 64 жаяу жүргіншілер көпірінің 53-і зардап шеккен. Көлік желісін қалпына келтірудің өзіне шамамен 480,6 млн доллар қажет.

Катмандуды Непалдың орталық және батыс аудандарымен байланыстыратын Притхви тасжолында да күрделі жағдай сақталып отыр. Кришнабхир маңындағы жол учаскесі қирағаннан кейін билік Тришули өзенінің қарама-қарсы жағалауында балама жол салуды қолға алды. Зақымданған учаскеде қозғалыс шамамен 300 метрге тоқтатылды.

Мүмкіндігі шектеулі адамдардың жағдайы да өзекті мәселеге айналды. The Kathmandu Post мәліметінше, эвакуациядан кейін олардың көпшілігі гуманитарлық көмек алуда, уақытша орталықтарға орналасуда және қажетті қозғалыс құралдарына қол жеткізуде қиындықтарға тап болған. Непал Мүгедектігі бар адамдар ұлттық федерациясының мәліметінше, 11 қыркүйекке дейін мүмкіндігі шектеулі 59 адамның басқа жерге көшірілгені расталған, 14 адам хабар-ошарсыз кеткен, ал алтауы қаза тапқан.

Бұған дейін Непалды су тасқынынан кейін қалпына келтіруге кететін жалпы шығын 4–5 млрд доллар болуы мүмкін деп болжанған. Кейін үкіметтің жедел бағалауы қажетті қаражат көлемін шамамен 4,74 млрд доллар деп анықтады. Дүниежүзілік банк пен басқа сарапшылардың қатысуымен жүргізілетін егжей-тегжейлі бағалаудан кейін бұл сома өзгеруі мүмкін.