$450.91 €522.69 ₽5.33
×

Алматыда Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдығына орай арнайы көрме ұйымдастырылып, «Менің атым Қожа» фильмі көрсетілді

AstanaTV
14.09.2026ж. 19:00
Алматыда Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдығына орай арнайы көрме ұйымдастырылып, «Менің атым Қожа» фильмі көрсетілді

Биыл қазақ киносының көрнекті режиссері Абдолла Қарсақбаевтың туғанына 100 жыл толды. Осыған орай Алматыда балалықтың кіршіксіз әлемін арқау еткен режиссердің шығармашылық мұрасы ұлықталып,  арнайы көрме ұйымдастырылды. Жиынға зиялы қауым өкілдері, ұлттық кино өнеріне өлшеусіз үлес қосқан қайраткерлер қатысты. Көрермен көзайымына айналған  «Менің атым Қожа» фильмі де мерейтой аясында қайта көрсетіліп, режиссер мұрасын еске алған жұртқа ерекше әсер сыйлады. Тентек те ақжарқын Қожаның арманы, қателіктері және жақсы болуға деген ұмтылысы туралы хикая өз дәуірінің шеңберінен әлдеқашан асып, бірнеше буын көрерменінің көңілінен шығып келеді. Мерейтойлық бағдарлама Алматыдан бөлек, еліміздің басқа да қалаларында жалғасын таппақ.

ТОҚТАР ҚАРСАҚБАЕВ, РЕЖИССЕР, АКТЕР:

Бәріміз «Менің атым Қожа» фильмін жақсы көреміз және әкемнің шығармашылығын сыйлаймыз. Бұл - нағыз классика. Әкем соғыс пен аштық болған қиын кезеңде осындай жарқын, адамгершілікке толы фильмдер түсірді. Сондықтан халықтың осы туындыларды әлі де бағалап жүргеніне өте қуаныштымын.

 МАЙРА ҚАРСАҚБАЕВА, КИНОПРОДЮСЕР:

Абдолла Қарсақбаевтың  киноларында қазақтың дәстүрі мәдениеті сол күйі сақталып қалған. Оның бүкіл киноларын көріп отырсаң, қазақтың бұрынғы өміріне барып келгендей боласың. Қазақтың тарихын кино арқылы киімдері киген, сөйлеген сөздері, ақыл, мақал-мәтелдері арқылы жеткізіп кетті деп ойлаймын.