$450.91 €522.69 ₽5.33
×

Қызылорда облысының креаторлары Астанадағы жәрмеңкеде 12,1 млн теңгенің өнімін сатты

Қызылорда облысының креаторлары Астанадағы жәрмеңкеде 12,1 млн теңгенің өнімін сатты

Қызылорда облысының креатив өкілдері елордада «Тамырдан туындыға» атты көрме-жәрмеңке өткізді. Жобада қазақтың тарихи-мәдени мұрасын заман талабымен ұштастырып жүрген шеберлердің қолөнер бұйымдары ұсынылды.  Сыр елі астаналықтарды қандай ерекше өнермен таңдандырды? Тілші тарқатады.

«Qazaq creative hub» қабырғасына жайғастырылған бұл туындылар қызылордалық қолөнершілердің көз майын тауыса жасаған дүниелері. Ағаштан, сүйектен, киізден, тері мен әйнектен, күріш пен металдардан шыққан түрлі бұйымды кездестіруге болады. Авторлық жұмыстардың арасында байырғы заманның ұмыт қалған жәдігерлері де бар. Мәселен, Бекзат Жақып елде жоғалуға шақ қалған доңызқауақ пен шаңқобыздың көне нұсқаларын жасайды.

БЕКЗАТ ЖАҚЫП, ҰСТА:

Ұста деген атауға лайық болу үшін өзім жан-жақты істеп жатырмын. Соңғы 10 жылдықта шаңқобызды зерттеп, ары қарай шығардым. Шамалы керамикадан да жасап, ағаш бұйымдар, музыкалық инструменттер жасай берем. Зергерлік бұйым бірінші орында.

Мына портреттер әйнек бетін алмаз балтамен ұрып отырып жасалған. Алаш арыстарынан бастап, қазақтың небір тұлғаларын әсем әрі ерекше бейнелеген суретші – Ділдәбек Дәулетбек. Қылқаламмен түрлі техникада композиция орындаған өнер иесі жаңа бағытты 3 жыл бойы зерттеген.

ДІЛДӘБЕК ДӘУЛЕТБЕК, ҚАЗАҚСТАН СУРЕТШІЛЕР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ:

4 түрлі жанрда мен өз жұмысымды қойып жатырмын. Оның ішінде ең ерекшесі, ең жаңашылы шыныға сындыру арқылы түрлі бейнелерді портрет болсын түрлі тақырып бойынша  суреттер салып, қазір жұмыстарымды көрсетіп отырмын. Наурыз айында эксперимент жасап, жанрын толыққанды білгеннен кейін суретті бастап, жеке «Оян» атты көрмемді өткіздім. 

Жүн түтіп, ши тоқыған, тон пішіп, сырмақ ойған қыз-келіншектер де өнер алаңынан орын алыпты. Дизайнерлердің ұлттық нақыштағы киімдері де ілінген. Музыкалық аспап зерттеушілері де  іздегенін тауып жатты.

АЗАМАТ БАҚИЯ, МУЛЬТИИНСТРУМЕНТАЛИСТ, «ЖОШЫ» ЭТНО-ФОЛЬКЛОРЛЫҚ АНСАМБЛІНІҢ МҮШЕСІ: 

Музыкалық аспаптар бағытында жұмыс жасап жатқан шебер ретінде «Qazaq creative hub» осы іс-шарасы біз үшін таптырмас дүние болды. Әр облыстың шеберлерімен тәжірибе алмасу біз үшін бұйырған бақ деп санаймын. Барлығымен танысып, байланысқа түсіп жатырмыз.

Құнды жәдігерлерді құныттайтындар алыстан іздеп арнайы барады. Дегенмен цифрлық мүмкіндіктерді пайдаланып, шеберлердің еңбектерін сататын арнайы маркетплейс те қолға алыныпты.

МЕЙРАМБЕК ШЕРМАҒАМБЕТ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл креативті индустрияның  21 бағыты бойынша заттар әкелініп отыр. Жалпы Сыр өңірінің 100 шеберінің 74 млн теңге көлемінде заттары көрмеге қойылған. Көрмеде тек ұсыну емес, жарнамалап, насихаттап, әрмен қарай жүзеге асыру.

Қызылорда облысының креаторлары Астанадағы жәрмеңкеде 12,1 млн теңгенің өнімін сатты. Креатив орталықта барлық өңірдің мәдени мұрасы кезек-кезек көпішілікке ұсынылуда.