Қазақстанда биыл алғаш рет суармалы су беру жөніндегі келісімшарттарды рәсімдеу үдерісі цифрлық форматқа көшіріліп, суару маусымы басталғалы шаруалармен 29 мыңнан астам электронды келісім жасалды, деп хабарлайды Astana TV.
Жаңа биллинг жүйесін министрлікке қарасты «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ әзірлеген. Оның көмегімен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер «Қазсушар» РМК-мен суармалы су беру жөніндегі келісімшарттарды электронды түрде рәсімдей алады.
Шаруалардың айтуынша, жаңа жүйе құжат рәсімдеу мен су беру қызметінің ақысын төлеуді жеңілдетіп, су ресурстарын бөлудің ашықтығын арттырған.
– Бұған дейін қағаз толтырып, судың ақысын мекемеге апарып беретін едік. Қазір электронды форматқа ауысып, құжаттың бәрі түгелденді. Бұл өзгеріс шаруаға ыңғайлы болды. Себебі құжатты бір рет өткізсең жеткілікті. Биыл судан қиналмадық. Біз каналдың ең соңғы бөлігінде орналасқанбыз. Соған қарамастан су уақытылы жеткізіліп тұрды. Бұрын су мұндай көлемде келмейтін. Биыл қалаған көлемдегі суымызды алдық, – деді шаруа Қуаныш Данияров.
Тағы бір шаруа Еркін Якупов бұған дейін суға ақы төлеу үшін «Қазсушарға» арнайы баруға тура келгенін айтады.
– Қазір электронды форматқа көштік. Бұрынғыдай барып жүрмей, онлайн төлем жасаймыз. Бұл бізге жеңіл болды. Су да уақытылы берілді. Екі рет мақта мен қауын алқаптарын суардық, – деді ол.
Министрлік мәліметінше, биллинг жүйесі суды пайдаланудың ашықтығын арттырып, оны заңсыз пайдалану тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік берген. Сонымен қатар тұтынушылардың «Қазсушар» РМК алдындағы берешегін азайтуға және оңтүстік өңірлерде суды пайдалану лимиттерінің сақталуын қамтамасыз етуге ықпал еткен.
Алдағы уақытта биллинг жүйесін одан әрі жетілдіру жоспарланып отыр. Су ресурстары және ирригация министрлігі оны каналдар арқылы су беру қызметін көрсететін басқа да мекемелерде келісімшарттарды рәсімдеу үшін енгізуді көздейді.