Қазақстан халықаралық саудадағы позициясын нығайтып, заңнамасын Дүниежүзілік сауда ұйымының жаңа стандартына сай икемдейді. Бүгін Құрылтай депутаттары тиісті министрліктермен елдің сауда, әскери және қоғамдық саласындағы маңызды өзгерістерді талқылады. Бұл реформалар қарапайым халық пен бизнеске қалай әсер етеді? Толығырақ Құрылтай отырысынан әріптесім Ақбота Базарбай тарқатып айтады.
АҚБОТА БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:
Қазақстан ДСҰ талаптарына сай қызмет көрсету ережелерін жаңартады. Енді қызмет көрсету саласындағы талаптар барынша ашық әрі түсінікті болуы көзделіп отыр. Мысалы, өтінім беру мен рұқсат құжаттарын электронды түрде рәсімдеуге басымдық беріледі. Ал электрондық сауда көлемі соңғы бес жылда сегіз есеге өсіп, 3,8 триллион теңгеге жеткен.
Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргелі еліміздің сыртқы сауда айналымы екі есеге жуық ұлғайып, 137 миллиард долларға таяды. Қазір әлемде тауар сатудан қарағанда IT, туризм, қаржы және білім беру сияқты қызмет түрлерін ұсыну қарқынды дамып келеді. Жаңа ережелер бюрократияны азайтып, бизнеске жол ашады. Ең бастысы, мұндай электронды форматқа өту мемлекеттік бюджеттен бірде-бір теңге қосымша шығынды талап етпейді.
АРМАН ШАҚҚАЛИЕВ, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:
Цифрлық экономиканың электрондық коммерцияны қаржылық көлік, айти және кәсіби қызметтердің дамуы Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Саудадан бөлек, елдің қорғаныс саласы да жаңа серпін алмақ. Қазақстан мен Сербия әскери-техникалық ынтымақтастықты нығайтуға келісті. Енді екі ел қару-жарақ пен әскери техниканы бірлесіп өндіріп қана қоймай, оларды арнайы полигондарда бірге сынай алады.
ШАЙХ-ХАСАН ЖАЗЫҚБАЕВ, ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Келісіммен әскери мақсаттағы өнімдерді өзара жеткізуді жүзеге асыру, қару-жарақ пен әскери техникаға қызмет көрсетуді және жөндеу жөніндегі жұмыстарды орындау. Бірлескен ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік конструкторлық жұмыстар жүргізу, технологиялар трансферлер, қару-жарақ пен әскери техникаларды бірлесіп сынауды жүргізу сияқты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары көзделген.
Ал халық пен билік арасындағы диалогты жақсарту үшін Құрылтай жанынан 50 адамнан тұратын Қоғамдық палата құрылатын болды. Палата мүшелері кез келген заң жобасын әлі қабылданбай тұрып, «нөлдік оқылым» сатысында-ақ таразылап, қарапайым азаматтардың мүддесін қорғайды.
АЙДОС САРЫМ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, «ӘДІЛЕТ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Қоғамдық палатаның консультативтік кеңесші орган ретіндегі негізгі міндеті қоғамдық сараптаманы, кәсіби диалогты және Құрылтай мен қоғам арасындағы тұрақты кері байланысты қамтамасыз ететін нақты жұмыс тетігіне айналдыру. Мұндай алаң заң шығару жұмысын неғұрлым ашық әрі маңызды етуге түрлі ұстанымдарды ескеруге және ең бастысы азаматтардың нақты сұраныстарына жауап беретін заңдардың сапасын арттыруға мүмкіндік береді деп сенемін.
Су жаңа заңнамалық өзгерістер мен қоғамдық бастамалар елдің ішкі саясатына да, халықаралық имиджіне де оң ықпал етпек. Ашықтық, цифрландыру және қауіпсіздік еліміздің алдағы даму бағытының негізгі темірқазығы болып қала береді.