$444.88 €513.26 ₽5.28
×

Тарихи телехикая көрерменге жол тартады

Тарихи телехикая көрерменге жол тартады

Өнер ордасының сахна артындағы құпиясы мен тарихи шындық экранға жол тартпақ. Мұхтар Әуезов атындағы театрдың алтын дәуірінен сыр шертетін «49 көктем» драмасының түсірілім жұмысы жүріп жатыр. Кино желісінде  1970 жылдардағы мәдени орта, цензура қыспағы және аңызға айналған «Қан мен тер» спектаклінің тарихы баяндалады.

КСРО-ны дүр сілкіндірген туындының артында қаншама адамның тағдыры мен ішкі арпалысы жатыр. Драмалық желіде өнердегі бәсекелестікпен қатар, аға буын әртістердің жастық шағы да кеңінен бейнеленеді. Жауапты рөлді сомдау жас әртістерге де үлкен салмақ.

СУХРАБ МАДУМАРОВ, АКТЕР:

Асанәлі атамыздың жас кезіндегі образын сомдаймын.. Ол мен үшін алдымен үлкен абырой және өте қиын. Ол кісінің образын ойнап шығу. Барша қазақ таниды десек те қателеспеймін. Сондықтан бір жағы қуанам, бір жағы қорқамын. Бағасын өздері береді деп ойлаймын енді.

8 бөлімнен тұратын сериал Мәскеуден келген жас маманның көзімен өрбиді. Қойылым режиссері Әзірбайжан Мәмбетовтің жаңашылдығы мен саяси жүйенің ықпалы дәл осы кейіпкер арқылы ашылмақ. Туынды көрерменді сол дәуірдің қайталанбас атмосферасына бөлейді.

МҰРАТ БИДОСОВ, РЕЖИССЕР:

Ең бір қызық жайт, Астанада Алматыны түсіріп жатқанымыз. Кино деген иллюзия, сондықтан Алматыны Астанада көрсетіп жатырмыз. Алматыдағы Әуезов театрын көрсетіп жатырмыз. Енді бүкіл Қазақстан театрлары Әуезов театрын әкем театр дейді. Өйткені бәрі бәрібір сол театрға қарап бой түзейді. Бұл проектің ең басты себебі - ол әкем театр, Әуезов атындағы театрдың мерейтойы.

Қарашаңырақтың 100 жылдығына арналған «49 көктем» телехикаясы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен түсіріліп жатыр. Қараша айында Астана телеарнасынан тамашалай аласыздар.