Ресей басшысы Владимир Путин президент сайлауында 76% дауыс жинап, жеңіске жетті. Осылайша, ол тағы бір мерзімге ел басқаруға мүмкіндік алды. Путинге шамамен 56 миллион адам дауыс берген. Екінші орында Павел Грудинин. Ол 11% дауыс жинапты. Сайлау барысын 1500-ге жуық халықаралық бақылаушылар қадағалады. Арасында қазақстандық байқаушылар да бар.
Бұл Мәскеу алаңында өткен концерт. Салтанатты шара барысында Путин өзіне сеніп дауыс бергендерге алғысын жаудырып жатыр. «Біздің жеңісті күндеріміз әлі алда», - дейді.
Владимир Путин, РФ сайланған президенті:
Маған артқан сенімдеріңіз зор екенін білемін. Біз әлі де нәтижелі жұмыс жүргізетін боламыз. Мықты әрі бірнеше миллиондық командамыз үшін сіздерге алғысым шексіз.
Путин өзге бақталастарына қарағанда бірінші болып дауыс берді. «Өз-өзіңе дауыс берген қалай?»-деген тілші сауалына ол, біздің бағдарламамыздың дұрыс екеніне сенімдімін, деген сыңайда жауап қатқан. Биыл Путин бұрын-соңды болмаған мөлшерде дауыс жинап отыр. Шет елдердегі Ресей азаматтары да белсенділік танытқан.
Элла Памфилова, РФ ОСК төрайымы:
Нәтижеге сүйенсек, сайлаушылар
дауысының басым бөлігі, яғни 56 млн 200 мың дауыс немесе барлық дауыстардың
76,67 пайызы, Владимир Путинге тиесілі болды.
Бақылаушыларды ең көп жіберген - біздің мемлекет. Қазақстанна барған 203 адам 23 сайлау орынында бақылау жүргізген. Делегацияны елдің ортсайлаукомының төрағасыБерік Имашев бастап барды.
Берік Имашев, Қазақстан Республикасы ОСК төрағасы:
Мұндай практика бізде алғаш рет болып отыр. Біз қатысушылар арасында арнайы штаб құрдық. Сайлау барысын сөз етсек, жоғары дәрежеде өтіп жатыр деп айта аламын.
Халықаралық бақылаушылар қандай да бір өрескел құқықбұзушылықты байқамаған. Оның үстіне сайлау учаскелері бейнебақылау және заманауи жүйелермен жабдықталған. Бұл әр дауыс берушінің дауысы дұрыс есептелетінінің дәлелі дейді мамандар.
Николай Никифоров, РФ бұқаралық коммуникациялар министрі:
Ресей президентін сайлауға арналған жаңа құрылғыларға ешқандай сыртқы фактор теріс әсерін тигізе алмайды. Біздің ел бұл бағытта едәуір алға басып келеді деп айта аламын. Мамандарымыз ақпарат қауіпсіздігін сақтай алады.
Сайлаушылар тарапынан да шағымдар түскен жоқ. Нақты қорытынды апта соңында белгілі болады. Ал, Владимир Путиннің жаңа үкімет жасақтауға ойланатындай уақыты бар. Сайланған президентті ұлықтау 7-ші мамырға жоспарланған.