Қымбатшылық пен сыртқы қысымға қарамастан, ел экономикасы құлдырамайды. Шенеуніктер алдағы 3 жылда өсім 5 пайыздан төмендемейді деп сендіріп отыр. Ал мемлекеттік бюджеттегі мыңдаған миллиард артық шығыс қысқартылды. Қаржы қайда жұмсалмақ? Ақбота Базарбай толықтырады.
АҚБОТА БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:
Үкімет алдағы 3 жылда экономика өсімі 5 пайыздан кем болмайды деп сендіргісі келеді. Тіпті мұнай бағасы 70 долларға дейін арзандаса да, 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімді 245 триллион теңгеге жеткізбекші.
Басты салмақ бұрынғыдай мұнайға емес, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс пен ауыл шаруашылығына түседі.
АЗАМАТ ӘМРИН, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Экономиканың өсу драйверлерінің бірі ауылшаруашылығы болады. Оның жыл сайынғы орташа өсуі кемінде 5 пайызды құрайды. Құрылыста өсу қарқыны 27-жылы 16 пайыздан 29-жылы 17,3 пайызға дейін артуы болжануда.
Шенеуніктердің оптимизміне қарамастан, елдегі қымбатшылық басылатын түрі жоқ. 2027 жылы инфляция 9,5 пайызға жуықтайды. Ең қызығы – мемлекеттік органдар алдағы бюджеттен 37 триллион теңгеге жуық қаражат сұрап, тәбеттерін ашқан. Бірақ Қаржы министрлігі негізсіз деп танылған 5,1 триллион теңгенің сұранысын бірден кері қайтарды. Яғни, нақты құжаты мен нәтижесі жоқ жобаларға ақша берілмейді.
АБЗАЛ БЕЙСЕНБЕКҰЛЫ, ҚР ҚАРЖЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Қажеттіліктер әрқашан бюджет мүмкіндіктерінен асып түседі. Сондықтан да біздің міндетіміз - қолда бар қаражатты бөлу ғана емес, шын мәнінде қажетті шығыстар мен жобаларды іріктеп алу. Бұл әкімшілермен бірлесіп жасаған ауқымды жұмыс. Барлық ұсыныстар жан-жақты қарастырылып, олардың ішінде ең қажеттілері іріктелді.
Бюджеттен миллиардтарды қарпып қалғысы келген шенеуніктер Құрылтайда тезге салынды. Шығыстардың сұрауы болғанда, ұрттарына су толтырып, «жазбаша жауап береміз» деп сытылып кетпек болған жауаптылардың бұл амалы іске аспады. Есеп беруге атүсті, шорқақ келген вице-министрлерді Құрылтай төрағасының орынбасары қатаң ескерту жасап, бір сілкіп алды.
ДАНИЯ ЕСПАЕВА, ҚР ҚҰРЫЛТАЙ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Сұрақ өте қарапайым болды! Бұл сіздердің шығыстарыңызға қатысты. Мұны сіздер бәрінен жақсы білуге тиіссіздер. Бүгін үш жылдық бюджетті қарастырып отырып, «жазбаша түрде ұсынамыз» деу дұрыс емес. Жазбаша жауаптар қабылданбайды! Әр қайсыңыз дайындалып келуге тиіс едіңіздер!
Енді бюджеттің әр теңгесіне қатаң сұрау болады. Шашпа-төк шығыстар тоқтатылып, қаржы тек халыққа шынымен қажетті жобаларға бағытталмақ. Артылған шығыстардың ішінде жаңадан құрылатын Қазақстан халық кеңесіне де едәуір қаржы қарастырылған. Жаңа органның іргесін қалауға бюджеттен 1,7 миллиард теңге бағытталмақ.