$444.88 €513.26 ₽5.28
×

Алаяқтар қарапайым құпия сөзді еш қиындықсыз бұзады

AstanaTV
17.09.2026ж. 19:00
Алаяқтар қарапайым құпия сөзді еш қиындықсыз бұзады

Цифрлық гигиенаны сақтамаудың салдарынан алаяқтардың арбауына түсетіндер азаймай тұр. Қарапайым құпиясөздер мен қауіпсіздік талаптарын елемеу қаскөйлердің жұмысын жеңілдетеді. Кейде қауіп өзіңіз сенетін адамнан келуі мүмкін. Цифрлық заманда жеке деректерімізді қалай қорғаймыз?

Балнұр әлеуметтік желіде жақын құрбысына жеке нөмірін сеніп беріп, алаяқтық құрбаны болғанын айтады. Құрбысы жұмыс үшін жаңа парақша ашпақ болып, нөмірін тіркеуді өтінген. Ал Балнұр еш күмәнсіз көмектескісі келген.

БАЛНҰР, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бұрыннан араласып жүрген құрбым болғаннан кейін ешқандай арам ой болған жоқ. Бере салдым. Жобамен екі ай өткеннен кейін өзімнің аккаунтыммен біреудің кіріп жүргенін байқадым. Ол менің номеріммен 2 аккаунт ашқан кезде менің де аккаунтым қосылып ашылып кеткен. Түнгі 2-3 шамасында менің таныстарымнан қомақты қаржы сұраған.

Бүгінде жеке деректерге жауапкершілікпен қарау заман талабы. Өйткені әлеуметтік желіде бөгденің парақшасына қол жеткізгісі келетіндердің де хабарландыруы көбейген.

БЛИЦ:

- Шұғыл түрде ватсапты бұзу керек. Күйеуіме байланысты. Маған тек дәлелдер керек.

- Инста немесе ватсап бұзатындар бар ма? Бұл маған ауадай қажет. Қыздар түсінесіңдер ғой.

- Хакер қызметі: әлеуметтік желіге із қалдырмай қол жеткіземіз, жоғалған аккаунтты бұзамыз.

Осындай қауіп-қатерден сақтану үшін ұялы телефондағы қосымшаларға мұқият болып, құпия сөзді сенімді қою керек, дейді IT маманы. Көпшілік әлі де 1-ден 7-ге дейінгі сандарды немесе аты-жөні мен туған жылын пайдалана салады. Ал алаяқтар мұндай қарапайым құпия сөзді оп-оңай бұзып кіреді.

АЙЫМ КАЙРОЛДАЕВА, QAZCLOUD КОМПАНИЯСЫНЫҢ МАМАНЫ:

Құпиясөзді 3-4 ай сайын жаңартып отыру керек. Бір құпиясөзді бірнеше аккаунтта қолданбаған жөн. Негізі мессенджерге адамға байқатпай кіру мүмкін емес. Себебі барлық мессенджер телефонға байланысты. Адамға смс келеді немесе qr код арқылы кіруге болады. Сондықтан активті сеанстарды уақытылы тексеріп, қай жерде екенін қарап отырған жөн.

Заң бойынша бөгденің парақшасына сұраусыз кіріп, жеке деректерін таратқандарға әкімшілік жаза қолданылады.

ЖАНДОС ТҰЯҚОВ, ЗАҢГЕР:

Әкімшілік кодексінің 79-бабы бойынша саралануы мүмкін. Егер қылмыс құрамы болмаған жағдайда. Жеке азаматқа 30 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Нотариустар осындай заңсыз әрекет жасаған жағдайда оларға 60 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған.

Өз дерегіңізді қорғау үшін қарапайым кибергигиена ережелерін сақтап, күмәнді сілтемелерге сақтықпен қараған абзал. Мамандар кез келген қосымшаны жүктегенде оның қандай рұқсат сұрап тұрғанына мұқият болу керек екенін ескертеді. Геоорын, диктофон мен камераға шектеусіз рұқсат беру - жеке өмірге қауіп төндіреді. Айтқан сөзіңіз немесе ойлаған затыңыз алдыңыздан жарнама болып шыға келетіні де осының салдары.