Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының Тұғыл ауылдық округіндегі Зайсан көлінде қайықтың аударылуы салдарынан суға кеткен екі балықшыны іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталды, – деп хабарлайды AstanaTV.
15 қыркүйекте үш ер адам көлде қайықпен балық аулаған. Қатты желдің салдарынан қайық аударылып кеткен. 1968 жылы туған балықшылардың бірі өздігінен судан шығып, жергілікті тұрғындар тарапынан құтқарылды. 1968 және 1995 жылдары туған екі ер адам суға батып кетті. Оларда құтқару кеудешелері болмаған.
Ақпарат түскен сәттен бастап оқиға орнында ТЖМ жедел штабы құрылды. Іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуге ТЖМ бөлімшелерінің күштері мен құралдары жұмылдырылды. Олардың қатарында сүңгуірлер, құтқару катерлері, қайықтар және басқа да жүзу құралдары, ұшқышсыз ұшу аппараттары, су асты дроны, сондай-ақ жергілікті тұрғындар бар.
Бүгін іздестіру жұмыстары барысында жергілікті тұрғындар 1968 жылы туған ер адамның денесін тапты. 1995 жылы туған екінші қаза тапқан адамның денесін ТЖМ сүңгуірлері жағадан 8,9 шақырым қашықтықтан анықтады. Іздестіру жұмыстары тәулік бойы жүргізілді. Құтқарушылар көлдің едәуір аумағын, оның ішінде су асты техникалық құралдарын пайдалана отырып тексерді. ТЖМ сүңгуірлері 8 рет суға түсті.
Құтқару бөлімшелерінің жұмысына көлдің тереңдігі, түбінің күрделі жер бедері және су астындағы көрінудің шектеулі болуы қиындық келтірді. Күрделі жағдайларға қарамастан, іздестіру топтары түрлі іздеу құралдары мен су асты жабдықтарын қолдана отырып, көл айдынын тексеруді жалғастырды.