$444.58 €510.29 ₽5.27
×

Филиппиндегі мектептердің бірінде атыс болып, 6 адам қаза тапты

AstanaTV
18.09.2026ж. 19:00
Филиппиндегі мектептердің бірінде атыс болып, 6 адам қаза тапты

Филиппиндегі мектептердің бірінде атыс болып, 6 адам қаза тапты. Қару қолданған оқушы сыныптастарына оқ жаудырғаннан кейін өзіне де қол жұмсаған. Оқиға салдарынан тағы 17 тұрғын түрлі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Ал Сомалиде толассыз жауған нөсердің соңы жойқын су тасқынына ұласты. Орталық көшелер мен тұрғын үйлерді су басып, қала ішіндегі қатынас қиындаған. Толығырақ Аяулым Изатқызының материалында.

Филиппиндегі Банга қаласының ұлттық орта мектебінде атыс болып, 6 адам қаза тапты. Тағы 17 тұрғын түрлі деңгейде жарақат алған. Белгілі болғандай, суық қарудан оқ жаудырған - аталған білім ошағының оқушысы. Түскі сағат бір шамасында сыныптастарына оқ атқан ол кейін өзіне қол жұмсап, оқиға орнында мерт болды. Жарақат алғандар Коронадал қаласындағы провинциялық ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлердің бақылауында жатыр. Осы жағдайға байланысты қала билігі дүйсенбі, 21 қыркүйекке дейін барлық мектептерде сабақты уақытша тоқтатты. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын тергеп жатыр.

РИНАЛЬДО ТАМАЙО, ОҢТҮСТІК КОТАБАТО ПРОВИНЦИЯСЫНЫҢ ГУБЕРНАТОРЫ:

Қазір барлығымыз сабыр сақтауға тырысуымыз керек. Бұл жағдайдың Банга тұрғындары мен осында отырған ата-аналар үшін қаншалықты ауыр екенін түсінемін. Дегенмен, әзірге өзімізді сабырға шақырудан басқа амалымыз жоқ. Қазіргі таңда бұл оқиға жеке жағдай ретінде қарастырылып жатыр. Мұндай жағдайдың мектепте болғаны мен үшін өте өкінішті. Өйткені бұл мектеп толықтай күзетпен қамтамасыз етілген.

Ал Сомали астанасында нөсер жауынның салдарынан жойқын су тасқыны болып жатыр. Қала көшелері мен тұрғын үйлер су астында қалып, халық дүние-мүлкін қауіпсіз жерге көшіруге мәжбүр. Табиғи апат салдарынан баспанасыз қалғандардың бірі - Абди Хассан. Түн ортасында басталып, таңға дейін созылған жауын тұрғынның азық-түлігі мен үй мүлкін толығымен жарамсыз еткен.

АБДИ ХАССАН, ТҰРҒЫН:

Жаңбыр кеше түн ортасында басталып, таңға дейін тоқтаусыз жауды. Үйдегі тамағымыз бен барлық мүлкімізді су шайып, жарамсыз етіп кетті.

Қазір қаланың орталық жолдары суға толып, көлік қозғалысы тоқтаған. Халықтың қатынауы қиындап, кей аудандармен байланыс толықтай үзілді. Су тасқынынан қорғау жүйесінің тозығы жеткендіктен, елдің төтенше жағдайлар агенттігі тұрғындарды сақтық шараларын күшейтуге шақырды.