$453.26 €506.7 ₽5.58

Аурухана атынан хабарласып, алдайды: СҚО-да 40-қа жуық тұрғын алаяқтардың құрбаны болды

Аурухана атынан хабарласып, алдайды: СҚО-да 40-қа жуық тұрғын алаяқтардың құрбаны болды
Фото: Polisia.kz

Солтүстік Қазақстан облысында интернет-алаяқтар медициналық мекеме қызметкерлерінің атын жамылып, тұрғындарды алдаудың жаңа тәсілін қолдануда. Қазіргі уақытта осындай айла-шарғының салдарынан өңірдің 40-қа жуық тұрғыны зардап шеккен

Алаяқтар азаматтарға телефон шалып, скринингтен немесе флюорографиядан өту, медициналық талдаулар тапсыру қажеттігін айтады. Осылайша, медициналық қызметке қатысты ақпаратты желеу етіп, тұрғындардың сеніміне кіреді. Мұндай жағдайда кез келген медициналық процедураны сылтау етуі мүмкін, деп хабарлайды Astana TV.

Әңгіме барысында қаскөйлер азаматтарға "электронды кезекке" тіркеуді ұсынып, SMS арқылы келген растау кодын айтуды сұрайды. Кодты иемденгеннен кейін банк, eGov немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде қайта хабарласады. Олар азаматтың SMS-кодты бөгде адамға айтып қойғанын, соның салдарынан оның атына несие рәсімделіп жатқанын жеткізеді.

Кейін мәселені шешудің жолы ретінде "қатесіз несие" рәсімдеуді ұсынып, ақшаны "қауіпсіз шотқа" аударуға көндіреді. Алайда мұның бәрі – азаматтардың ақшасын иемденуге бағытталған алаяқтық әрекет.

- Қылмыскерлердің азаматтардың жеке мәліметтеріне қол жеткізуі мүмкін екенін ескеру қажет. Облыста алаяқтардың дерекқорларды бұзып, адамдардың сеніміне кірген жағдайлары тіркелді. Мәселен, олар азаматтардың қандай талдаулар тапсырғанын немесе дәрігер қабылдауына қай уақытқа жазылғанын білген.

Есте сақтаңыз: медициналық қабылдауға жазылуды растау үшін ешкімге SMS-кодты айту қажет емес. Егер сізге медициналық мекеме атынан қоңырау шалынса, әңгімені тоқтатып, ақпаратты тексеру үшін учаскелік медбикеге немесе тіркеу бөліміне өзіңізге белгілі ресми нөмір арқылы хабарласыңыз, – деп ескертті СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Әлібек Құжахметов.

Полиция мәліметінше, жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында интернет-алаяқтықтың 443 фактісі тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 30 пайызға аз.

Полиция тұрғындарды сақ болуға, бейтаныс адамдарға SMS-кодтарды, банк деректемелерін және жеке мәліметтерін бермеуге шақырады. Сондай-ақ телефон арқылы айтылған күмәнді нұсқауларды орындамай, кез келген ақпаратты ресми байланыс арналары арқылы тексеру қажет.