$446.56 €512.34 ₽5.3
×

KEGOC компаниясында мемлекеттік тілдегі құжат айналымы 98%-ға жетті

AstanaTV
18.09.2026ж. 19:00
KEGOC компаниясында мемлекеттік тілдегі құжат айналымы 98%-ға жетті

Елдің бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің сенімділігін қамтамасыз етіп отырған «KEGOC» ұлттық компаниясында мемлекеттік тілдің қолданыс аясы кеңейіп келеді. Бүгінде мекемедегі құжат айналымындағы қазақ тілінің үлесі 98 пайыздан асты. Осы орайда, компанияда Тілдер мерекесіне арналған «Тіл тағдыры - болашаққа аманат» атты салтанатты композициялық қойылым өтті.

«KEGOC» компаниясында 2023–2029 жылдарға арналған Тіл саясатын дамыту тұжырымдамасы жүйелі түрде іске асуда. Нәтижесінде мемлекеттік тіл тек құжатта емес, күнделікті жиындардың да негізгі қатысым құралына айналды. Композициялық қойылымның да ерекшелігі сол - сахнада электр энергетикасы саласының мамандары балаларымен бірге өнер көрсетті.

ЭЛЬВИРА ҚОНАҚБАЕВА, «KEGOC» АҚ СТРАТЕГИЯ ЖӘНЕ ТҰРАҚТЫ ДАМУ ЖӨНІНДЕГІ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

KEGOC компаниясында мемлекеттік тілді дамытуға үлкен мән беріледі. Осындай корпоративтік ісшаралар арқылы біз қазақ тіліміздің, ана тіліміздің рухани маңыздылығын, оны құрметтеуді болашақ ұрпаққа жеткізуге үнемі тырысып отырамыз.

Бейіндік дайындық пен біліктілікті арттыру да назардан тыс қалған емес. Соңғы екі жылда 1000-ға жуық қызметкер қазақ тілі курсын аяқтаса, 300-ге жуық маман ағылшын тілін меңгерген.

ЖАЙНАР МҰҚАН, «KEGOC» АҚ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:

Оқу курстарының нәтижесін көру үшін біз жылда сертификаттау тестілеуін өткіземіз. Өткен жылы, мысалы, 25-інші жылы сертификаттау тестілеуі осы атқарушы дирекцияның, 281 қызметкеріне өткізілді. соның ішінде 57-58 пайыздан астамы В1 және одан жоғары деңгейді меңгерді.

Кешенді түрде жүргізіліп жатқан мұндай ауқымды жұмыстар «KEGOC» компаниясында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп қана қоймай, ұжымдағы ішкі мәдениет пен отаншылдық рухты бекемдей түспек.