$447.85 €513.46 ₽5.31
×

Депутат түнгі тыныштықты бұзатындарды бақылаудың жаңа әдісін ұсынды

23.09.2026ж. 11:44
Депутат түнгі тыныштықты бұзатындарды бақылаудың жаңа әдісін ұсынды
фото: Павлодар ПД

Бүгінгі таңда ел көлемінде Мемлекет басшысы атап көрсеткен «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру, кез келген құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік ахуалын қалыптастыру – басты міндеттердің бірі. Осы орайда «Әділет» партиясы фракциясының депутаты Кендебай Адамбек Ішкі істер министрі Е.С. Сәденовке  ел арасында өзекті болып отырған маңызды мәселені көтеріп, депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды  AstanaTV.

Депутаттың айтуынша, қалалардың орталық көшелерінде мотоциклдер мен тюнинг жасалған автокөлік жүргізушілерінің рұқсат етілмеген жарыстарды жиі ұйымдастыруы тұрғындардың мазасын қашырады. 

Азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету – уәкілетті органдардың басты міндетінің бірі. Бұл ұстаным «Әділет» партиясының бағдарламасымен де үндеседі. Партия үшін заң үстемдігі – әділетті мемлекеттің негізгі қағидаты. Ал құқық қорғау жүйесін жетілдіру, ең алдымен, адам мүддесін қорғауға және қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс. «Әділет» партиясының бағдарламасында «халық үніне құлақ асатын мемлекет» дегеніміз – азаматтардың шағымын жай ғана тіркеп қою емес, олардың көтерген мәселесіне дер кезінде нақты шешім қабылдап, нәтижесін көрсету. Бүгінде тұрғындар дәл осындай нақты әрекетті күтіп отыр. Қалалардың орталық көшесінде мотоциклдер мен тюнинг жасалған автокөліктердің жүргізушісі рұқсат етілмеген жарысты жиі ұйымдастырады. Олар жылдамдықты асырып, пиротехника қолданып, тұрғын үйлер орналасқан аумақта әдейі қатты шу шығарады. Бұл мәселе жол қозғалысы ережесін бұзу шеңберінен шығып, қоғамдық қауіпсіздікке қатысты мәселеге айналды. Сонымен қатар азаматтардың тынығуына, түнгі тыныштығына теріс әсер етеді. Алайда құқық бұзушылар көп жағдайда жауапкершіліктен тыс қалып жатады, - деді депутат.

Дегенмен, бұл бағыттағы құқық бұзушылықтар көбінесе жауапкершіліктен тыс қалып жатады. Біріншіден, олар өте сирек тіркеледі және шара тек тұрғындардың арыз-шағымынан кейін ғана қабылданады. Екіншіден, қолданыстағы жазаның тиімділігі төмен. Мысалы, қазіргі уақытта түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны үшін тек 5 АЕК (21 625 теңге) мөлшерінде ғана айыппұл салынады. Мұндай жеңіл жаза құқық бұзушыларды тоқтатуға жеткіліксіз болып отыр.

«Әділет» партиясының бағдарламасындағы «халық үніне құлақ асатын мемлекет» ұстанымы азаматтардың шағымын жай тіркеп қоюмен шектелмей, нақты әрі жедел шешім қабылдауды талап етеді. Депутат осы ретте әлемдік озық тәжірибелерді қолдану тиімді жол бола алатынын айтады. 

Шетелде мұндай тәсілдер қолданылады. Мысалы, АҚШ-та автоматты акустикалық камералар пайдаланылады. Кей жағдайда көлікті тәркілеу де қарастырылған. Германия мен Францияда түнгі рейдтер өткізіліп, арнайы жылжымалы зертханалар қолданылады,-деді депутат. 

Халықтың пікірін ескере отырып, мәселені жүйелі түрде шешу үшін депутаттар Ішкі істер министрлігіне нақты қадамдарды ұсынды:

1. Рұқсат етілген шу деңгейінің асып кетуін автоматты түрде анықтау үшін арнайы акустикалық құрылғылар мен шу өлшегіштерді фото және бейнетіркеу жүйесіне біріктіру бойынша пилоттық жобаны іске қосу.

2. Түнгі заңсыз жарыстардың жолын жедел кесу және көліктердің шығару жүйесіне заңсыз өзгерістер енгізілгенін тексеру үшін патрульдік полиция мен учаскелік инспекторлардан тұрақты бірлескен экипаждар құру.

3. Көлікке заңсыз енгізілген техникалық өзгерістер толық жойылғанға дейін құқық бұзушының көлік құралын арнайы тұраққа қою.

4. Түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны үшін белгіленген жазаның оның салдарына және азаматтардың қалыпты өмір сүруіне тигізетін әсеріне қаншалықты сай келетінін қайта қарау.

5. Жолдағы құқық бұзушылықтарды ұсақ бұзақылық ретінде саралаудың нақты тәртібін әзірлеу. Бұл ретте қоғамды әдейі және ашық түрде құрметтемеудің нақты белгісін, сондай-ақ дәлелдемелерді жинау тәртібін белгілеу.

Бұл бастамалар азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға, қалалардағы қоғамдық тәртіпті күшейтуге және «Заң және тәртіп» қағидатын толыққанды іске асыруға бағытталған.