Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Дихан Қамзамбекұлы Құрылтай отырысында мәдениет және ақпарат министрі мен оқу-ағарту министріне депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды AstanaTV.
Депутат жастарды ғылым, инженерия және технология салаларына көбірек тарту үшін бірқатар ұсыныс жасады. Президент айтқан озық ойлы ұлт жақсы әрі жауапты оқитын баладан, сол баланың екі есе жауапты ата-анасы мен мұғалімінің маңдай терінен қалыптасатынына тоқталды.
Халық қолдап-қуаттаған жаңа Конституциямызда мәдениет, білім, ғылым, инновация құндылығы айрықша жазылғаны мәлім. Бүгінде ғылым мен инновация - жаңару мен ел сапасының маңызды тетігі. Ата заңдағы құндылық пен басымдық енді өміріміздің мәніне, өзегіне айналуға тиіс. Әсіресе, ғылым мен инновацияның негізі мектепте жүйелі оқытылып, үзіліссіз жалғасуы шарт. Өкінішке қарай, бүгінгі жасөспірімдер мен жастардың біршама бөлігі қайбір біліксіз блогер мен кереғар коучке еліктейтіні, тіпті көп тер төкпей-ақ мол қаржы табуға сенетіні байқалады. Бұл - дана Абай сынаған «бес дұшпан істің» жолы, - деді Дихан Қамзабекұлы.
Депутат Үкіметке ғалым, инженер, өнертапқыш және өзге де интеллектуал тұлғалардың қоғамдық бейнесін қалыптастыруға бағытталған жоба әзірлеуді, ғылымға, технологияға айрықша үлес қосқан бұрынғы-кейінгі тұлғаларды бұқаралық ақпарат құралдарында, цифрлық платформаларда үзбей кеңінен насихаттауды жолға қоюды, инженерлік-техникалық, жаратылыстану мамандықтарына талантты жасөспірімдер мен жастарды тарту мен баулу үшін тиімді бағдарламалар дайындауды ұсынды.
Әрине, кәсіптің жаманы жоқ. Алайда дәл қазір елімізге инженерлік, технологиялық ой, ізденіс, өнертабыс ауадай қажет. Сөз жоқ, рухани жетілу ұмытылмайды. Тереңірек қарасақ, Тәуелсіздіктің өзі – мәдени қазына, адастырмас темірқазық. Біз бүгін ХХ ғасырдың бас ширегіндегі инженер Мұхамеджан Тынышбайұлы, медик-биолог Халел Досмұхамедұлы, математик Ибадулла Ақбергенұлы, кеңес кезеңіндегі академиктер – инженер Қаныш Сәтбаев, энергетик Шапық Шөкин, микробиолог Мұрат Айтқожин, осы күннің академиктері – антрополог Оразақ Ысмағұлов, математик Мұхтарбай Өтелбай сынды жүздеген тұлғаларды мектеп оқушысынан университет студентіне дейін үлгі ете білуіміз керек. Мысалы, соңғы аталған қос абыздың толассыз ғылыми табысы мен отаншылдығы жастар түгілі, үлкендерге де өнеге дер едік. Осы күні қоғамға пайда әкелетін ақыл-ой мен білім-білік қорын «адам капиталы» дейміз. Бізде ол болған және бола да береді. Тек ыждағат пен жүйелі іс үзілмегені жөн, – деді депутат.
Депутат орта білім жүйесінің, соның ішінде келешек мектептері мен Оқушылар сарайларының жұмыс нәтижесіне (КРІ) инженерлік-техникалық, жаратылыстану мамандықтарына қатысты конструкторлық алаңдар мен үйірмелердің табысы жеке көрсеткіш болып енуі керек екенін айтты.