Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Ербол Данағұлов Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге агроөнеркәсіп кешеніне мемлекеттік қолдау көрсету шаралары туралы депутаттық сауал жолдады,-деп хабарлайды AstanaTV.
Депутаттың айтуынша, ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігі заманауи техникаға тәуелді.Техниканы жаңарту – шаруаларға көрсетілетін жай ғана қаржылық қолдау емес. Бұл өнімділікті арттырудың, ішкі нарықты тұрақты қамтамасыз етудің және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін күшейтудің негізгі шарты.
2023 жылғы Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығының әлеуеті зор болғанымен, оны толық пайдалана алмай отырғанымызды ескертті. Саладағы негізгі мәселенің бірі – машина-трактор паркінің тозуы. Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80%-ы тозған. Сондықтан техника паркін жыл сайын 8-10 пайызға жаңартуды тапсырды, – деді депутат.
Аграрлық саланы дамыту – «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы басым бағытының бірі. Бүгінде 6 пайыздық жеңілдетілген несие мен лизингтік бағдарламалар арқылы шаруаларға қолдау көрсетілуде. Бұл саладағы техниканы жаңартуға белгілі бір мүмкіндік беріп отыр. Депутаттың айтуынша, алайда қабылданып жатқан шаралардың тиімділігіне кері әсер ететін мәселе бар.
Жаңа Салық кодексінің күшіне енуіне байланысты қосылған құн салығы 12-ден 16 пайызға өсті. Бұл өзгеріс лизингке техника алған шаруалардың шығынын арттырды. «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы техника алған 13 181 шаруашылық үшін салықтық жүктеме 4,6 млрд теңгеге ұлғайып отыр. Негізгі қарызын белгіленген кесте бойынша уақытылы өтеп отырған шаруаларға салық айырмасы бойынша өсімпұл есептелуі олардың қаржылық жағдайына қосымша салмақ түсіреді.Бұл ретте салық реформасының мақсаты мен аграрлық секторды қолдау шаралары өзара үйлесуі қажет. Бір жағынан, мемлекет техника паркін жаңартуға жеңілдетілген қаржы ұсынып отыр. Екінші жағынан, салықтық өзгерістер сол қолдаудың тиімділігін төмендетпеуі тиіс,-деді депутат.
Осыған байланысты министрліктен:
1. «КазАгроҚаржы» АҚ лизингтік шарттар бойынша жасалған келісім-шарттарды салық реформасының логикасына сәйкес қайта қарауды;
2. Осы кезеңге қолданылатын өтпелі ережелерді қарастыруды;
3. Салық реформасы жаңа кезеңіне аграрлық секторды бейімдеу үшін кешенді қадамдар жасауды сұрады.