$445.65 €508.71 ₽5.3
×

Тазалық пен тәртіпті сақтау мәселесі әрдайым басты назарда болуы керек – Президент

Тазалық пен тәртіпті сақтау мәселесі әрдайым басты назарда болуы керек – Президент
Ақорда

«Үшінші сектордың» басты міндеті – қоғамда Заң мен Тәртіп, Тазалық пен Табиғатты аялау қағидаттарын орнықтыру. Мемлеткет басшысы Халық Кеңесінде осылай деді. Бұл туралы  AstanaTV хабарлады.

 

Бұл жұмыстың маңызына бір сөзбен баға беру қиын. Сіздер осынау мемлекеттік және қоғамдық қағидаттардың мәні мен мақсатын жақсы түсінесіздер. Өкінішке қарай, мәдениетсіздік фактілерімен жиі бетпе-бет келеміз. Табиғатты, қоғамдық орындарды қасақана ластайды.

Қоғамға, мемлекетке қарсы мұндай бейбастақ әрекеттерге жазаны күшейткен дұрыс деп есептеймін, – деді Президент.

 

«Таза Қазақстан» дегеніміз – адамның айналасына жауапкершілікпен қарау дағдысы, азаматтық кемелдіктің көрсеткіші, мемлекет өркениетінің маңызды өлшемі.

 

Қалаларымыз бен ауылдарымыздың біразында жоғары экологиялық мәдениет пен қоғамдық тәртіп үлгісін көріп-байқап жүрміз. Бұл бізді қуантады. Қазақстанды қонақжай әрі қауіпсіз ел ретінде таниды.

Енді осы артықшылықтарымызбен қоса, тазалықты да ұлттық брендке айналдыруымыз керек.

Елімізге келген қонақтар қазірдің өзінде қалаларымыздың келбетіне тамсана қарайды. Бұл Қазақстанның туристік әрі инвестициялық тартымдылығын еселей түседі. Осындай жетістіктерді ел аумағында таратуымыз керек.

«Таза Қазақстан» бастамасының мән-мазмұнын күшейтіп, тың идеялармен, креативті жобалармен толықтырған жөн, – деді Мемлекет басшысы.

 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың тазалыққа, тәртіпке және табиғатты аялауға айрықша мән беретінін білеміз. Бұл жолы да ерекше екпін беруі бекер емес.

 

Жекелеген тұлғалар, тіпті, тұтас халықтар өзін-өзі тәрбиелей алмағанын тарих дәлелдеді. Мұндай міндетті отбасы мен мектеп, қоғам мен мемлекет, ең алдымен, мәдени-рухани құндылықтарды дәріптеу арқылы орындай алады.

Біз қалалар мен тұтас еліміздің келбетін ғана емес, одан да маңыздысы, ұлтымыздың менталитетін өзгертіп жатырмыз.

Немқұрайлық пен салғырттықтан, тіпті өшпенділіктен біртіндеп арылып, тазалыққа, жауапкершілікке, табиғатты аялауға бой үйрете бастадық. Бұл азаматтардың, оның ішінде бірнеше буын өкілдерінің көңіл-күйіне жағымды әсерін тигізіп, қоғамдағы ахуалдың жақсаруына ықпал етеді, түптеп келгенде экономикалық өсімді жеделдететін факторға айналады.

«Таза Қазақстанның» қуаты – қоғамды жылдар бойы жалғасатын жағымды әрі жасампаз күн тәртібінің төңірегіне топтастыруда.

Маңайы тап-таза болып, жарқырап тұрса, адам да соған сай әдеп сақтауға тырысады. Лас әрі қараусыз жерде енжарлық басып, құқықтық нигилизм белең алады. Бұл құбылыс әлемдік урбанистикада «сынған терезе салдары» деген атаумен белгілі. Сондықтан «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы мен «Заң және Тәртіп» қағидаты егіз ұғым десек болады. Берекесіздік пен тәртіпсіздік белең алған жағдайда заңның сақталуын талап ету мүмкін емес, – деді Мемлекет басшысы.

 

Абаттандыру ісіне жұмсалған қаржы – халқымыздың болашағына жасалған инвестиция. Тазалық азаматтарымызды өз қадір-қасиетін сезінуге үйретіп, ертеңге деген сенімін күшейтеді.

 

Мұның бәрі – бір-бірімен байланысты дүние. Көшедегі тазалық пен тәртіп қоғамды жасампаздыққа құлшындырып, әлеуметтік оптимизмді оятады. Сайып келгенде, елдің әл-ауқатының артуына ықпал етеді. Біз әлеуметтік масылдықтан арылып, жауапты серіктестікке түбегейлі көшуге жағдай жасауымыз керек.

Елдегі өзгеріс қарапайым істен басталады. Тұрғындары іскер, белсенді әрі жаңашыл әкімді сайлаған берекелі ауылдан, өз үйінің мәселесіне бей-жай қарамайтын мүлік иелері бірлестігінің тату-тәтті тіршілігінен, азаматтарға шарапаты тиген волонтерлік және қайырымдылық бастамалардан көрінеді, – деді Президент.