$445.65 €508.71 ₽5.3
×

600 мың бала үйінді астында қалуы мүмкін

600 мың бала үйінді астында қалуы мүмкін

Йемендік хуситтер Сауд Арабиясының екі әскери базасын басып алды. Қызыл теңіздің жағасын да жаулаған ұйымның әрекетінен жүздеген адам қаза тапты. Ал, Газа секторында балалардың мектепке оралуына рұқсат етілгенімен, білім ордаларының 98 пайызы толығымен жойылып кеткен. Үйінділер балалардың басына құлайды ма деген қорқынышымыз көп, - дейді қайырымдылық қорларының өкілдері. Ал, Колумбияның Санта-Марта қаласына лаңкестік ұйым шабуыл жасап, билік әскер жұмылдыруға мәжбүр болды. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Қызыл теңіздік жағалауын небәрі 2 күн ішінде жаулап алды. Йемендік хуситтер Сауд Арабиясының екі әскери базасын басып алды. Нәтижесінде, жүздеген адам қаза тауып, техника өртенді. Батыс басылымдары лаңкестердің бұл шабуылына Ирандық әскери кеңесшілер көмек көрсетті деген ақпарат таратуда. Олар, Баб-Эль Манбед бұғазын жауып тастап, Сауд Арабиясына қысым көрсету деген ойларын жасырмайды.

АБДУЛ МӘЛІК ӘЛ-ХУСИ, АНСАР АЛЛА ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Біздің көксегеніміз тек тәуелсіздік. Халқымызды осы уақытқа дейін басынып келген жауыздардың көзін жою. Кейбір арабтардың өзі бізді қолдаудың орнына жауларымызбен тығыз әріптестік орнатқан. Олардың жазасын міндетті түрде береміз. Йемен халқы өз мақсатына жетер күн жақын.

Газа секторының балаларына сабаққа оралуға рұқсат берілгенімен, 600 мың бала үйінді астында қалуы мүмкін. Себебі, Израиль әуе соққылары аумақтағы мектептердің 98 пайызын жойып жіберген. Газа секторында жұмыс істейтін халықаралық ұйымдардың өкілдері балалардың төбесінен кез-келген сәтте жай түсуі мүмкін екенін айтуда. Ал, уақытша шатырлардың өзі барлығына бірдей жетпейді. Қазірдің өзінде, ондаған бала мектепке бара сала жарақат алған.

ФИРИЛ АБУ ГАНИМ, ГАЗА СЕКТОРЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Балаларымызды мектепке жіберу қауіпті. Бірақ, білім-ғылымнан мақұрым етіп қалдырғымыз да келмеді. Менің немерем бірінші күні-ақ қолын сындырды. Өзге балалардың басы жарылды, аяғы сынды деп естідім. Қажетті құрал-жабдық сатып алуға жағдайымыз жоқ. Өйткені, бар тапқан-таянғанымызды соғыс кезінде Хан-Юниске қашуға жұмсадық.

Колумбияда қылмыстық топ Санта-Марта қаласына шабуыл жасаған. Елдімекен ішінде олар полицейлерге ғана емес, бейбіт тұрғындарға да оқ жаудырды. «Сьерра-Невада қорғаныс күштері» деп аталатын топ жаңа сайланған Президент Абелардо де ла Эсприэльяның әрекетіне наразылығымызды осылай білдірдік деп хабар таратқан. Себебі, мемлекет басшысы сайлана сала, наркокартельдер мен қылмыстық топтарға қарсы операция жүргізді. Қазір, өңірде жағдай тұрақты. Билік арнайы күштер мен армияны жұмылдырып, 13 содырдың көзін жойды.

АБЕЛАРДО ДЕ ЛА ЭСПРИЭЛИЯ, КОЛУМБИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мемлекет басшысы ретінде, мен әр бейбіт азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге уәде беремін. Бұл шабуылға жауаптылардың ізіне түсіп, барлығын көзін жоятынымызға еш күмәнданбаңыздар. Бұған дейінгі әлсіз басшылар секілді қылмыскерлермен ешқандай келіссөз жүргізбейміз.

Қарулы қылмыскерлер Оңтүстік Африканың Дурбан қаласында тұрғын үйге баса-көктеп кіріп, бірнеше отбасыны қырып тастады. Үй ішінде 14 адам болған. 10-ы оқиға орнында қаза тапты. 4 адам ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткілізді. Алайда, кейінірек, бір адам ауруханада жан тәсілім етті. Жергілікті полиция оқиғаны қылмыстық топтардың арасындағы қақтығыспен байланыстырып отыр.