$441.89 €502.56 ₽5.19
×

Алматыда жүк көлігі жүргізушілеріне рейд күшейтілді: 115 жүргізуші жауапқа тартылды

Алматыда жүк көлігі жүргізушілеріне рейд күшейтілді: 115 жүргізуші жауапқа тартылды
Polisia.kz

Алматыда жүк көлігі жүргізушілері арасында жол қозғалысы ережелерінің сақталуын тексеруге бағытталған жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр, – деп хабарлайды AstanaTV.

Өткен тәулікте 115 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 11 жүргізуші көлік басқару құқығынсыз көлік жүргізгені үшін, 7 жүргізуші техникалық регламент талаптарына сай келмейтін көлікті пайдаланғаны үшін, 8 жүргізуші көлік құралынан шығатын зиянды заттардың белгіленген мөлшерден артық болғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Қалған 87 дерек жол қозғалысы ережелерінің өзге де талаптарын бұзуға қатысты. Екі жүк көлігі айыптұраққа қойылды. Алматы қаласы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаевтың айтуынша, рейдтердің негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

– Заң мен тәртіп қағидаты, ең алдымен, жол қозғалысына қатысушылардың белгіленген талаптарды сақтауынан басталады. Жүк көліктеріне бақылау жалғасады. Көліктердің техникалық жағдайына, жүргізушінің көлік басқару құқығына және қауіпсіздік талаптарының сақталуына ерекше назар аударамыз, – деді Әбдінұр Тасыбаев.

Полиция жүк көлігі жүргізушілерін заң талаптары мен жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырады.