Оралдық өнерпаздар дәстүрлі әннен жаһандық рекордты екі дүркін жаңартты. 75 жастағы Қатимолла Бердіғалиев 120 туындыны үздіксіз орындаса, шәкірті Қайрат Кәкімов ұстазынан да асып түсті. Айтулы оқиға Азия және Африка елдері бойынша GBR (Global Best Records) әлемдік рекордтар кітабына тіркелді.
Бұл - дәстүрлі әнші Қайрат Кәкімов орындауы тиіс 132 әннің соңғысы. Алты сағат бойы тоқтамай шырқаған әншіге Азия және Африка елдері бойынша GBR әлемдік рекордтар кітабының өкілдері де тәнті болды.
ҚУАНДЫҚ ҚҰДАЙБЕРГЕН, АЗИЯ ЖӘНЕ АФРИКА ЕЛДЕРІ БОЙЫНША GBR ӘЛЕМДІК РЕКОРДТАР КІТАБЫНЫҢ БАС ТІРКЕУШІ ОФИЦЕРІ:
Нотасыз, фонограммалық сүйемелдеусіз рекордтар өте сирек кездеседі. Сондықтан екі күннің ішінде екі дүниежүзілік рекорд бұзылып, екі дүниежүзілік рекорд орнатылды, құрметті ағайын!
НАРИМАН ТӨРЕҒАЛИЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:
Әншілеріміз дәстүрлі әнді құрметтеп және оны бағалаудың жаңа бір тәсілін көрсетіп жатыр деген ой келіп тұр.
Қайрат Кәкімовтың ұстазы Қатимолла Бердіғалиев те 75 жасында 120 әнді орындап, рекорд орнатты.
ҚАТИМОЛЛА БЕРДІҒАЛИЕВ, ӘНШІ:
Халыққа рақмет, екі күннен бері бізді тыңдап аяғына дейін, ең ақыры машинамызға отырғанша ешқайсысы үйге кетпей, бәрімізді құттықтап жүр. Осы халықтың пейіліне көп-көп рақмет!
Абырой биігінен көрінген қос рекордшыға жерлестері ерекше құрмет көрсетіп, су жаңа көлік мінгізді. Мәшинелердің мемлекеттік нөмірі де орындалған әннің санын білдіреді.