Қазақстанда орта бизнестің үлесін арттыру және отандық компанияларды қолдау. Бұл мәселелер «Әділет» партиясы төрағасы Айбек Дәдебайдың жетекшілігімен өткен Іскерлік кеңес отырысында талқыланды. Жиынға бизнес, салалық қауымдастықтар мен мемлекеттік орган өкілдері қатысып, компаниялардың дамуына кедергі келтіретін басты тосқауылдарды жою жолдарын сараптады. Басты міндет - орта бизнестің экономикадағы үлесін 7 пайыздан 20 пайызға дейін жеткізу. Сондай-ақ партия бағдарламасы аясында бес жыл ішінде 1 миллион жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Бұл үшін өндірісті кеңейтіп, инвестиция тарту және отандық өнімдердің экспорттық әлеуетін арттыру қажет. Партия төрағасының айтуынша, Іскерлік кеңес әртүрлі сала өкілдерімен бірнеше кездесу өткізіп үлгерді. Бизнестен түскен ұсыныстар партия бағдарламасына енгізілді, енді оларды мемлекеттік қолдау шараларымен үйлестіру жоспарланып отыр.
АЙБЕК ДӘДЕБАЙ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Партияның кәсіби әзірленген ұсыныстарды шешім қабылдау деңгейіне дейін жеткізуге мүмкіндігі бар екенін білеміз. Сондықтан іскерлік кеңес жұмысының нәтижесі кәсіпкерлер көтерген мәселелердің нақты шешілуімен және бизнестің дамуына жасалған жағдаймен өлшенуге тиіс. Ортақ міндетіміз кәсіпкерлердің тәжірибесімен партияның үлкен мүмкіндігін ұштастырып, бағдарламалық мақсаттарды нақты экономикалық нәтижеге жеткізу.