Тарихи сериалдарды көрермен ерекше ықыласпен қабылдайды. Бұл жанрдағы туындылар өткен дәуірдің тынысын сезіндіріп, ел тағдыры, билік, адалдық, махаббат пен күрес секілді мәңгілік тақырыптарды қозғайды. Сондай фильмдердің бірі «Астана» телеарнасы ұсынған «Орхан» тарихи драмасы.
Түркиялық жаңа телехикая көрерменді Осман мемлекетінің қалыптасу кезеңімен таныстырады. Басты кейіпкер – елдің екінші билеушісі Орхан Ғази. Ол көрермендерге «Осман» телехиясы арқылы өте таныс Осман Ғазидің ұлы.
Сериалда Орханның жауынгерден мемлекет басшысына дейінгі қалыптасу жолы көрсетіледі. Оның әрбір қабылдаған шешімі тек өз тағдырына емес, тұтас елдің болашағына әсер етеді. Бурса мен Изник жерлері үшін болған күрес, Византиямен текетірес, түркі билеушілері арасындағы саяси қарым-қатынастар сериалдың тарихи желісін күшейтеді. Басты кейіпкердің жеке сезімі мен мемлекеттік міндеттің арасындағы қайшылық та кеңінен көрініс табады. Орхан мен Нилюфер Хатунның қарым-қатынасы, сарайдағы шытырман оқиғалар, отбасылық байланыстар мен махаббат хикаялары оқиға желісін байыта түседі.
Сериал режиссері - Бүлент Ишбилен, продюсері әрі сценарий авторларының бірі -Мехмет Боздаг. Басты рольдерді Мерт Языджыоғлу, Махассине Мерабет, Алина Боз, Джихан Үнал, Барыш Фалай сынды танымал түрік актерлері ойнайды.
Әке аманатын арқалаған жас билеушінің өмір жолы туралы телехикаяны 13 қазаннан бастап күн сайын сағат 21.00-де «Астана» телеарнасынан тамашалай аласыздар.