$447.14 €500.35 ₽5.24

2040 жылға қарай Каспий арқылы жүк тасымалы төрт есе ұлғаяды,- Президент

AstanaTV
08.10.2026ж. 19:00
2040 жылға қарай Каспий арқылы жүк тасымалы төрт есе ұлғаяды,- Президент

2040 жылға қарай Каспий арқылы жүк тасымалы төрт есе ұлғаяды. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының сегізінші Консультативтік кездесуінде айтты. Транскаспий халықаралық көлік дәлізі қай елдің болмасын экономикасына серпін беретіні анық. Кейінгі жылдардың динамикасы да Орта дәлізге сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді.

Түркіменстандағы «Аваза» кешеніне 6 елдің Президенті ат басын бұрды. VIIІ Консультативтік кездесу Әзербайжан мен Орталық Азия елдері Тәуелсіздігінің 35 жылдығымен тұспа-тұс келген. Жиында сөз алған Қасым-Жомарт Тоқаев бұл уақыт аралығында тұтас дәуірді қамтыған ұзақ әрі сындарлы, сонымен қатар жемісті жолды еңсергенін атап өтті. Егеменді ел болғалы дамудың даңғыл жолына түскен мемлекеттердің бүгінгі бағыты да ортақ мүддемен ұштасқан.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бірлескен күш-жігердің арқасында сауда-экономикалық ынтымақтастығымыздың мазмұны жыл өткен сайын толығып келеді. Бірлескен кәсіпорындар саны көбейді, іскерлік байланыс нығая түсті. Өнеркәсіп, машина жасау, энергетика, ауыл шаруашылығы секілді секторларда ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Сауда кедергілері бірте-бірте жойылып, шекараларда жаңа өткізу бекеттері ашылып жатыр. Автокөлік және теміржол байланысы кеңейіп келеді. Дегенмен, біздің пайымдауымызша, ішкі нарық әлеуеті әлі де зор.

Саяси отырыстағы алтаудың үшеуі Каспийдің жағалауына жайғасқан. Ал теңіз арқылы тауар тасымалдау, сауданың өзегі саналады. Мысалы, Қазақстан Азия мен Еуропа нарығын байланыстыратын алтын көпір. Ал сол көпірдің логистикалық әлеуетін арттырсақ, 2040 жылға қарай Каспий арқылы жүк тасымалы төрт есе ұлғаяды. Сондай-ақ, су қоры да аса маңызды мәселе.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Алдымызда трансшекаралық су ресурстарын басқарудың тың тәсілдерін әзірлеу міндеті тұр. Бұл жұмыста өзара құрмет, теңқұқылық қағидаттары негізге алынып, аймақтағы барлық елдің мүддесі ескерілуі керек. Орталық Азияның су пайдалану бойынша негіздемелік конвенциясын қабылдау ынтымақтастықтың жаңа өңірлік архитектурасын қалыптастыратын алғашқы қадам болар еді.

Жиында жасанды интеллект жайы да сөз болды. Мемлекет басшысы, Нейрожелі арқылы алаяқтық жасап, қоғамға қауіп төндіретін қосымшаларды бірлесіп бақылау қажет екенін айтты. Өйткені, ақылды зиятты лаңкестер мен есірткі сататын қылмыстық топтар пайдалануы мүмкін. Заман түлкі болған тұста, тазы боп шалу ұйғарымды іс. Технологиямен бірге, мәдениетті де қатар дамыту қажет.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Соңғы жылдары мәдени байланыстарымыз айтарлықтай жандана түсті. Көрмелер, кинофестивальдер, форумдар, еске алу кештері өткізіліп жатыр. Жастардың, жоғары оқу орындарының және ғылыми қауымдастықтың арасындағы қарым-қатынас, шығармашылық қауымның тікелей диалогы арқылы осы үрдіске тың серпін беру керек. Бірыңғай ақпараттық кеңістікті қалыптастыру ынтымақтастығымызды тереңдете түседі. Қазақстан отандық Silk Way телеарнасы жанынан аймақтық телеарна ашу туралы бастама көтерді.

Елдегі Таза Қазақстан жобасын да аймақтық деңгейде іске асыру жобасы ұсынылды. Бастама жастарды адамгершілік және азаматтық құндылықтарға баулитыны анық. Бұл тұста келесі жылы «Орталық Азия – ізгі істер мекені» деген ұранмен волонтерлік мәселесіне қатысты жастар форумы өтуі мүмкін. Сондай ақ Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының VIIІ Консультативтік кездесуі нәтижесінде Бірлескен мәлімдеме қабылданды.