$447.14 €500.35 ₽5.24

ЖИ бір адамдық миллиардтық компаниялардың пайда болуына жол ашуы мүмкін

ЖИ бір адамдық миллиардтық компаниялардың пайда болуына жол ашуы мүмкін
Фото: ЖИ

Жасанды интеллект агенттері жеке адамның мүмкіндігін еселеп, бұрын үлкен командалар атқаратын жұмысты бір адамның орындауына мүмкіндік береді. Бұл туралы БАӘ-нің жасанды интеллект жөніндегі мемлекеттік министрі Омар әл-Олама айтты, деп жазады Astana TV. 

AI Everything Abu Dhabi іс-шарасында министр алдағы уақытта ЖИ-агенттермен жұмыс істейтін, құны ондаған миллион, тіпті миллиард долларға бағаланатын бір адамдық компаниялар пайда болуы мүмкін екенін атап өтті.

«Біз 20 миллион долларлық немесе миллиард долларлық компанияға айналатын бір адамдық компаниялардың пайда болғанын көреміз — олар бір адам мен ЖИ-агенттерден тұрады», – деді Омар әл-Олама.

Министрдің айтуынша, бұл үрдіс БАӘ-де қазірдің өзінде байқалады. Абу-Дабидегі өзі барған компаниялардың бірінде қызметкерлердің 10 пайыздан астамын ЖИ-агенттер құрайды. Олар тапсырмаларды жылдам орындап, өнімділік пен шешім қабылдау сапасын арттыруға көмектеседі.

ЖИ жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

Омар әл-Олама жасанды интеллектінің ойын-сауық индустриясына да әсер ететінін айтты. ЖИ көмегімен бұрын үлкен команда мен қомақты қаржыны қажет еткен фильмдер мен басқа да контентті шағын топ немесе жеке адам жасай алады.

Министрдің пікірінше, технологияны тиімді енгізген елдер экономикалық тұрғыдан жаңа мүмкіндіктерге ие болады. Осыған байланысты БАӘ мемлекеттік секторда да ЖИ-ді кеңінен қолдануға басымдық беріп отыр.

Ел үкіметі екі жыл ішінде мемлекеттік сектордағы операциялардың 50 пайызына агенттік ЖИ енгізуді мақсат еткен. Сонымен қатар 80 мың мемлекеттік қызметшіні ЖИ құралдарын тиімді пайдалануға үйрету жұмыстары жүргізілуде.

Омар әл-Олама ЖИ-ді енгізудегі басты өлшем тек экономикалық көрсеткіштер емес, адамдардың өмір сапасын жақсарту екенін атап өтті.

«Біздің түсінігімізде жеңіс – барынша көп адамның өмірін жақсы жаққа өзгерту», – деді ол.

Министр жастар үшін де ЖИ жаңа мүмкіндіктер ашып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде студенттер білім мен түрлі интеллектуалдық құралдарға бұрынғыдан әлдеқайда оңай қол жеткізіп, өз идеяларын жүзеге асыра алады.

Омар әл-Оламаның пікірінше, мемлекеттер ЖИ-ді тек реттеп қана қоймай, оның мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға жағдай жасауы керек.