2027 жылдан бастап қазақстандықтар емханаға алғаш рет жүгінген кезде МӘМС мәртебесіне қарамастан медициналық көмек ала алады, деп хабарлайды Astana TV.
Денсаулық сақтау министрлігі тиісті өзгерістер жобасын әзірледі. Тиісті құжат жобасы “Ашық НҚА” порталында жарияланды. Қоғамдық талқылау 2026 жылғы 23 қазанға дейін жалғасады.
Жаңа бастама алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету тәртібін жетілдіруге бағытталған. Ұсынылған өзгерістерге сәйкес, азаматтардың МӘМС жүйесінде сақтандырылған болуы бастапқы медициналық көмектің белгілі бір түрлерін алуына кедергі болмайды.
Атап айтқанда, емханаға алғаш жүгінген науқастарға мынадай тексерулер қолжетімді болмақ:
-қан мен зәрдің жалпы талдауы;
-қан қысымын өлшеу және денсаулықтың негізгі көрсеткіштерін анықтау;
-электрокардиография (ЭКГ);
-қандағы оттегі деңгейін өлшеу;
-флюорографиялық тексеру;
-жекелеген функционалдық зерттеулер;
-іш қуысы ағзалары мен бүйректі ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ).
Денсаулық сақтау министрлігі бұл өзгерістер алғашқы медициналық көмектің бірыңғай пакетіне көшу аясында қолға алынатынын түсіндірді. Жобада емханалардың жұмысын жеңілдетуге бағытталған тағы бір жаңашылдық қарастырылған. Атап айтқанда, азаматтарға автоматтандырылған жүйелер арқылы телефон соғып, қажетті ақпаратты жеткізу ұсынылып отыр. Ол үшін арнайы алгоритмдік жүйелер медициналық ақпараттық базалармен біріктірілмек. Бұл пациенттерді жедел хабардар етуге және емхана қызметкерлерінің ұйымдастыру жұмыстарының бір бөлігін автоматтандыруға мүмкіндік береді. Дегенмен автоматты қоңыраулардың нақты қандай жағдайларда қолданылатыны әзірге нақтыланбаған.