Президенттің айтуынша, Қазақстан бір мезгілде Ресей бағытында, сондай-ақ Өзбекстан және Қырғызстан елдерімен арадағы шекара маңында индустриялық-сауда орталықтарының желісін құрып жатыр.
Өнеркәсіп және сауда саласындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында құқықтық база жасалды.
— ТМД кеңістігінің біраз бөлігінде іскерлік байланыстарды дамытуға және жаңа өндіріс орындарын ашуға арналған заманауи инфрақұрылым қалыптасып келеді. Енді осы әлеуетті барынша ұтымды пайдалану керек. Басқаша айтқанда, өзара сауда-саттықтағы негізсіз, қолдан жасалған кедергілерден арылған жөн. Қызметтер нарығын кеңейтіп, инвестицияға қолайлы жағдай жасау қажет. Достастық аясында бірлескен ірі бастамаларды жүзеге асыру аталған жұмыстың қисынды жалғасы болуға тиіс. Осы орайда, ТМД елдерінің 2027-2030 жылдарға арналған үздік индустриялық-технологиялық жобаларының тізімін жасақтауды ұсынамын. Менің ойымша, қосылған құны жоғары өнім өндірісіне баса мән берген дұрыс. Бұл экономикаға серпін беретін жаңа нысандарды құруға септігін тигізеді. Сонымен қатар Қазақстан осы міндеттердің күрделі екенін ескере отырып, экономикалық саладағы артықшылықтары мен жетістіктерін тиімді пайдалану мүмкіндігінен бас тартпайды және прагматикалық ұстанымында қала береді. Аталған іске даму институттары, қаржы ұйымдары және бизнес атсалысуы керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Көлік байланысын дамыту және транзит әлеуетін нығайту ынтымақтастықты кеңейтетін тағы бір перспективті бағыт ретінде аталды.
— Қазақстан үшін Солтүстік — Оңтүстік, Батыс Қытай — Батыс Еуропа дәліздері, сондай-ақ Транскаспий бағыты басты күре жолдар саналады. Оларды бір-бірімен үйлесімді ұштастыра білсек, құрлық арқылы жүк тасымалының тиімділігі айтарлықтай артады. ТМД-ға мүше мемлекеттер аумағы арқылы өтетін басты көлік жолдарын ұштастыру тұжырымдамасы осы мақсатқа қызмет етпек. Аталған құжат биыл мамыр айында еліміздің бастамасымен қабылданған еді. Қазақстан осы тұжырымдаманы жүзеге асыруға нақты үлес қосуда. Тамыз айында жалпы ұзындығы 1,5 мың шақырымнан асатын Арал — Каспий магистралінің құрылысы басталды. Аталған стратегиялық жоба пайдалануға берілген кезде Қытайдан Еуропаға дейінгі автожол шамамен мың шақырымға, ал транзит жүктерді жеткізу мерзімі үш тәулікке дейін қысқарады. Басқа да ірі жобалар бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Бұл ретте «Жұмсақ инфрақұрылым», яғни жүк тасымалын цифрландыру, электронды құжат айналымы және шекарадағы рәсімдердің үйлесімділігі зор рөл атқарады. Басты мақсат — «Бірыңғай цифрлық дәліз» қалыптастыру. Біздің ұсынысымыз бойынша Өзбекстанмен және Қырғызстанмен рұқсат құжаттарын электронды форматта алмасу жолға қойылды. Ресей және Беларусь елдерімен де дәл осындай жұмыс жүргізіліп жатыр. Ресей тарапымен бірлесіп биыл мамыр аясында жүргізушісіз жүк көліктерімен алғашқы трансшекаралық жүк тасымалы ұйымдастырылды. Анағұрлым тиімді шешімдерді ТМД аумағында жаппай тарату қажет деп санаймын, — деді Мемлекет басшысы.