Қазақстанның оңтүстігі мен орталығын байланыстыратын «Қызылорда – Жезқазған» автожолының реконструкциясы толық аяқталды. Ұлытау облысындағы соңғы 208 шақырымдық учаскеде көлік қозғалысын ҚР Премьер-министрінің орынбасары – көлік министрі Әсел Жанасова ашты, деп хабарлайды AstanaTV.
Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылды. Президент жолдың бүкіл ұзындығында 2026 жылдың соңына дейін көлік қозғалысын ашуды міндеттеген болатын.
Құрылыс барысында ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, 4 миллион текше метрге жуық топырақ қазылып, 1 миллион тонна құм-қиыршықтас қоспасы және 650 мың тонна ұсақталған тас пен құм қоспасы пайдаланылған. Сонымен қатар 1,3 миллион тонна асфальтбетон төселді.
Жоба аясында төрт көпір, 78 су өткізу құбыры және мал айдап өтуге арналған 18 өткел салынды. Құрылыс жұмыстарына 1,2 мыңға жуық маман мен 800 техника жұмылдырылды.
Көлік министрі Әсел Жанасованың айтуынша, бұл жоба еліміздің көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жұмыстардың маңызды бөлігі. Оның сөзінше, Қызылорда – Ақтөбе, Қарағанды – Жезқазған және Арал – Каспий бағыттарындағы жобалар да оңтүстік, орталық және батыс өңірлер арасындағы көлік байланысын жақсартуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, былтыр Қызылорда облысындағы ұзындығы 192 шақырым болатын жаңартылған учаскеде көлік қозғалысы ашылған еді. Ал Ұлытау облысындағы соңғы бөліктің пайдалануға берілуімен автожолды қайта жаңғырту жұмыстары толығымен аяқталды.
Бұған дейін жолдың жағдайы нашар болып, бағыт жүргізушілер үшін күрделі учаскелердің бірі саналған. Енді жаңартылған инфрақұрылым өңірлер арасындағы қатынасты жақсартып, жол қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жоба нәтижесінде Қызылорда мен Жезқазған арасындағы жол жүру уақыты екі есеге қысқарады деп күтілуде. Сонымен қатар жолаушылар мен жүк тасымалының сапасы артып, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық байланысы нығаяды.