Берешекті нотариус арқылы өндіріп алу тәртібі өзгерді. 8 қыркүйектен бастап күшіне енген заңға сәйкес, борышкер қарызын мойындағанын жазбаша растауы керек. Құжатта берешектің бар-жоғы, нақты мөлшері және өндіріп алынатын сомамен келісімі көрсетілуге тиіс. Бұдан бөлек, нотариус атқарушылық жазбаның көшірмесін борышкерге электронды түрде жіберіп, хабарламаның жеткізілгенін тіркейді. Азамат құжатпен келіспесе, хабарламаны алған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде қарсылық білдіре алады. Ал мемлекеттік сатып алу шарттарынан туындайтын талаптар енді атқарушылық жазба арқылы өндірілмейді, олар сот тәртібімен шешіледі.
БАҚЫТЖАН БЕЙСЕН, ҚАЛАЛЫҚ ӘДІЛЕТ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
8 қыркүйектен бастап, бірыңғай нотариалдық цифрлық жүйе жүзеге асырыла бастады. Екінші сатыдағы банк тарапынан, микроқаржы ұйымдары тарапынан үнемі тек қана бір нотариуспен қоян қолтық жұмыс істеу фактілері орын алатын. Бүгінгі күні аталған цифрлық жүйе арқасында атқарушылық жазбалар бұл енді рандомды түрде кез келген нотариусқа бөлінетін болады.