$453.93 €508.72 ₽5.35

Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД-ны дамытудың жаңа стратегиясын әзірлеуді ұсынды

Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД-ны дамытудың жаңа стратегиясын әзірлеуді ұсынды

Тәуелсіз мемлекеттер достастығы алдындағы басты мақсат – «Бірыңғай цифрлық дәліз» қалыптастыру.  Түркіменстанда ұйымға мүше ел басшыларымен өткен кеңесте Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Яғни, кеденде қолдан жасалатын кедергілерді жойып, 35 жыл ішінде қалыптасқан мүмкіндіктерді дамытуға шақырды. Тоғыз жолдың торабындағы Қазақстан көршілермен бірлесіп көлік-транзит әлеуетін арттыру бағытындағы жобаларды  да ортаға салды.

Алматы декларациясынан бастау алған Тәуелсіз мемлекеттер достастығы ұйымының құрылғанына биыл 35 жыл. Сенімді диалог өрбітіп,  әр елдің оң жамбасына келетін ортақ шешім табу – одақтың ерекшелігіне айналды. Рухани, мәдени құндылықтары ұқсас, бауырлас халықтар алда бұл байланысты нығайтуға бейіл. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа геосаяси жағдайға бейімделіп, ТМД-ның ұзақмерзімді жұмыс жоспарын бекітуді ұсынды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын дамыту тұжырымдамасы 2007 жылы бекітіліп, алты жыл бұрын жаңартылған еді. Одан кейін қабылданған бағдарламалар мен құжаттар көбіне белгілі бір салаға қатысты болды. Сондықтан көбіне бір-бірімен сәйкеспейді. Олардың бәрін біріктіріп, өзара байланысты біртұтас жүйе түзген жөн.

Президент Атқарушы комитетке ТМД-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірлеуді ұсынды. Ортамерзімді перспективада экономика, энергетика, инфрақұрылым мен адами капиталға баса мән беріледі. Осылайша орнықты прогреске жетудің бірізді жолы айқындалады. Қазақстан әдеттегідей ТМД нарығына басымдық беретінін жеткізді. Былтыр бұл елдермен сауда айналымы 40 млрд долларға жуықтаған.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бірлескен өндірістерді ашу ісінде де үлкен тәжірибе қалыптасты. Мысалы, Ресей Федерациясының қатысуымен іске асырылып жатқан қазақстандық өнеркәсіп жобалары портфелінде жалпы құны 61 миллиард доллар болатын 178 жоба мен бастама бар, оның 124-і жүзеге асырылды. Өзбекстанмен арада құны шамамен 2 миллиард доллар болатын 80 жоба бойынша жұмыс жүргізілуде. Беларусьпен арнайы және ауыл шаруашылығы техникасының бірлескен өндірісі жолға қойылды.

Осы жылдар ішінде ТМД кеңістігінде іскерлік бағытта замануи инфрақұрылым қалыптасты. Ендігі меже – қолдан жасалатын негізсіз кедергілерді жою. Инвестицияға қолайлы орта жасап, достықты бірлескен ірі жобаларға ұластыру керек.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Осы орайда, ТМД елдерінің 2027-2030 жылдарға арналған үздік индустриялық-технологиялық жобаларының тізімін жасақтауды ұсынамын. Менің ойымша, қосылған құны жоғары өнім өндірісіне баса мән берген дұрыс. Бұл экономикаға серпін беретін жаңа нысандарды құруға септігін тигізеді.

Мемлекет басшысы тағы бір перспективті бағыт көлік-транзит байланысының әлеуетін арттыруды ұсынды.  Қазақстан үшін Солтүстік – Оңтүстік, Батыс Қытай – Батыс Еуропа дәліздері, сондай-ақ Транскаспий бағыты басты күре жолдар саналады. Оларды бір-бірімен үйлесімді ұштастыра білсек, құрлық арқылы жүк тасымалының тиімділігі айтарлықтай артады. ТМД-ға мүше мемлекеттер аумағы арқылы өтетін басты көлік жолдарын ұштастыру тұжырымдамасы осы мақсатқа қызмет етпек. Аталған құжат биыл мамыр айында еліміздің бастамасымен қабылданған еді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: 

Аталған стратегиялық жоба пайдалануға берілген кезде Қытайдан Еуропаға дейінгі автожол шамамен мың шақырымға, ал транзит жүктерді жеткізу мерзімі үш тәулікке дейін қысқарады. Басқа да ірі жобалар бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Бұл ретте «Жұмсақ инфрақұрылым», яғни жүк тасымалын цифрландыру, электронды құжат айналымы және шекарадағы рәсімдердің үйлесімділігі зор рөл атқарады. Басты мақсат – «Бірыңғай цифрлық дәліз» қалыптастыру.

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект саласында тәжірибе алмасатын тұрақты механизм қалыптастыру бастамасын көтерді. Осы орайда келесі жылы Астанада ЖИ саласы мамандарының ТМД аясындағы арнайы форумын өткізуді ұсынды. Ал мәдени бағытта халықтарымыздың әдеби жауһарларынан құралған «ТМД кітапханасының алтын қорын» жасау идеясын ортаға салды.