$453.93 €508.72 ₽5.35

«Кітап оқитын ұлт»: Астана тұрғыны өзі білім алған мектепке заманауи кітапхана сыйлады

12.10.2026ж. 17:01
«Кітап оқитын ұлт»: Астана тұрғыны өзі білім алған мектепке заманауи кітапхана сыйлады
Фото: Астана әкімдігі

Астана қаласындағы №5 мектеп-гимназияның 1989 жылғы түлегі «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында өзі білім алған мектепке заманауи кітапхана мен ұстаздарға арналған жаңа бөлмені сыйға тартты, деп хабарлайды Astana TV.

Жобаның негізгі мақсаты – оқушылардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру, тұрақты оқу дағдысын қалыптастыру және оқу мәдениетін дамыту.

Осы мақсатта мектеп кітапханасында ауқымды құрылыс және жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Кеңістік заман талабына сай қайта ұйымдастырылып, оқушылардың кітап оқуына, ізденуіне және шығармашылықпен айналысуына қолайлы жағдай жасалды.

Жаңартылған кітапхана енді тек кітап оқитын орын ғана емес, оқушылардың зияткерлік және шығармашылық дамуына ықпал ететін заманауи білім мен руханият орталығына айналады. Мұнда әдеби шығармаларды талқылауға, кітап көрмелерін, әдеби кездесулер мен танымдық іс-шаралар өткізуге мүмкіндік бар.