Қаржы мониторинг агенттігі аса ірі көлемде алаяқтық жасаған Перизат Қайраттың Дубайдағы туысына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Astana TV.
Анонимді Telegram арналарының бірінде сотталған Перизат Қайраттың туыстарына Дубайда бірнеше пәтер тиесілі екені туралы ақпарат жарияланды. Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі аталған адамдардың жылжымайтын мүлікті П. Қайраттың қылмыстық жолмен тапқан ақшасына сатып алуы мүмкін деген болжамды тексерген. Алайда бұл болжам расталмады.
Тергеу барысында барлық қаржылық операциялар жан-жақты талданып, жымқырылған ақшаны заңдастырудың бүкіл тізбегі анықталды.
П. Қайрат қайырымдылыққа жиналған ақшаны иемденіп, оны автокөліктер мен пәтерлер сатып алуға, пәтерлерді жөндеуге және жиһазбен жабдықтауға, қымбат брендтердің киім-кешегі мен әшекей бұйымдарына, бизнес-класпен ұшуға, сәнді қонақүйлерде тұруға, мейрамханалар мен ойын-сауық орындарына жұмсаған, делінген ҚМА ақпаратында.
Ал А. отбасы мүшелерімен қандай да бір қаржылық есеп айырысу жүргізгені анықталған жоқ. Оның үстіне, жарияланымдарда аталған жылжымайтын мүлік 2011–2019 жылдары, яғни «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоры құрылғанға және П. Қайрат қылмыстық әрекетке кіріскенге дейін сатып алынған. Жалпы, А. ерлі-зайыптылары 20 жылдан астам уақыт бойы жылжымайтын мүлік сатып алып, қайта сатумен айналысып келеді. Олар П. Қайрат пен оның анасынан бөлек тұрып, кәсіпкерлік қызметін де дербес жүргізген.
Түсіндіре кетейік, Қылмыстық-процестік кодекстің 161-бабына сәйкес, мүліктің қылмыстық жолмен алынғанын растайтын дәлелдер болған жағдайда ғана оны бұғаттауға және тәркілеуге жол беріледі. Күдіктілермен туыстық байланысы бар деген себептің өзі адамды қылмыстық жауапқа тартуға және мүлкін тәркілеуге заңды негіз бола алмайды, деп жазылған ҚМА мәлімдемесінде.