$448.45 €501.59 ₽5.36

Сәтбаев қаласында 60-қа жуық отбасы апатты үйде тұрып жатыр

13.10.2026ж. 19:00
Сәтбаев қаласында 60-қа жуық отбасы апатты үйде тұрып жатыр

Ұлытау облысындағы Сәтбаев қаласында 60-қа жуық отбасы апатты үйде тұрып жатыр. Қауіптілігі сонша қисайып кеткен. Наурыз көшесіндегі №150 үйдің жағдайы өте нашар. Жарты ғасыр бұрын іргетасы қаланған. Тұрғындардың айтуынша, ғимарат қабырғаларында жарықтар пайда болып, кей бөліктері майыса бастаған. Есік- терезесі, тірегі қисайып барады. Осыдан екі жыл бұрын бұл үй апатты деп танылған. Мәселе бойынша қалалық тұрғын үй инспекциясы арнайы комиссия құратынын хабарлағанымен еш шара қолданбаған. Тұрғындар  үйді қауіпсіз жерге көшіруді немесе өтемақы төлеуді сұрап отыр.

РАУШАН ШАРИФИДИНА, ТҰРҒЫН:

Үй апаттық жағдайда тұр. Біз әкімшілікке бардық. Әкімшілік 2028 жылға дейін бізге үй қарастырылмайтындығын түсіндіріп айтты. Компенсация төленеді деп тұр. Екі күннен кейін оценщиктар келеді. Ол кісілердің беретін суммасы бізді қанағаттандыра ма жоқ па біз білмейміз.

АСЫЛБЕК САЯТ, ТҰРҒЫН:

Мына үй аварийный. Жылда терезе- есіктерімізге центровка істейміз. Жылда кетіп қалады. То ашылмайды, то жабылмайды. Біз мына апатты үйде тұруға әр күнімізде қорқамыз.

Қалалық тұрғын үй инспекциясының мәліметінше, қазіргі таңда Сәтбаев қаласында 29 апатты үй тіркелген. 26 үйдің тұрғындарын көшіру жұмыстары жүргізілуде. Ал қалған 3 үй тұрғындарына өтемақы келесі жылы ғана қарастырылмақ.

НАЗЫМ МИЗАНБАЕВА, СӘТПАЕВ ҚАЛАСЫ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚАТЫНАСТАРЫ МЕН ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Наурыз 150-інші үйге келетін болсақ, бұл да көппәтерлі үй болып табылады. Пәтер саны 60. Бұл үй 2024 жылғы  техникалық қорытынды бойынша апатты деп танылған. Енді бізде апатты үйлерді көшіру Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүргізілетін болады. Бюджет есебінен бөлінетін қаржыны жоспарлап  кезең-кезеңімен жүзеге асырылып отырады.