$451.31 €504.56 ₽5.36

20 триллион теңгеден астам кіріс түскенмен, шығын 26 триллион теңгеден асып жығылды

20 триллион теңгеден астам кіріс түскенмен, шығын 26 триллион теңгеден асып жығылды

Мұнай өндірісінің төмендеуі бюджет көрсеткіштеріне кері әсер еткен.

Тапшылық пен жергілікті жердегі қаражаттың игерілмеуі Үкіметтің бас ауруына айналды. Премьер-министр ведомство басшылары мен әкімдерге жыл аяғына дейін шабан тірлікті тоқтатуды тапсырды. Экономиканың қазіргі жай-күйі қандай? Әріптесім Ақбота Базарбай толығырақ баяндайды.

АҚБОТА БАЗАРБАЙ; ТІЛШІ:

Үкімет басшысының алдында есеп бергендердің сөзінше, Биыл экономиканы өңдеу өнеркәсібі, құрылыс пен сауда саласы алға сүйреді. Экономиканың тамырына қан жүгірткен тағы бір фактор - инвестиция. Тоғыз айда елге 16 триллион теңгеден астам қаржы тартылды. Нәтижесінде құрылыс көлемі 11,5 пайызға артса, өңдеу өнеркәсібі 8 пайызға ілгерілеген. Осы уақыт ішінде 13 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді.  Ауыл шаруашылығында да жаман көрсеткіш жоқ - қамбаға 23 миллион тонна астық түсті. Ал ішкі сауда айналымы 61 триллион теңгеге жетіп, 16 пайызға артқан.

СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

Экспорт көлемі өсуде және шетелге жеткізілетін өнім номенклатурасы кеңеюде. Ағымдағы жылғы қаңтар-шілденің қорытындысы бойынша агроөнеркәсіптік кешен өнімінің экспорты 4,9 млрд долларды құрады. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңінің көрсеткішінен 33%-ға жоғары.

Ал энергетика мен шикізат секторында жағдай өзгеше. Мұнай өндіру көлемі 8 пайызға төмендеп, 69 миллион тоннадан сәл ақ асқан. Керісінше, электр энергиясын өндіру тұрақты. Тоғыз айда 92 миллиард киловатт-сағатқа жуық қуат өндірілген. Қазір жаңа энергетикалық нысандарды іске қосу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр дейді ведомство басшысы.

ЕРЛАН АҚБАРОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

9 айда 91,7 млрд. кВт сағат электр энергиясы өндірілді немесе 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 102%. 2026 жылға болжам – 126,5 млрд. кВтсағатты құрайтын болады.

Қазынаға 20 триллион теңгеден астам кіріс түскенмен, шығын 26 триллион теңгеден асып жығылды. Бөлінген қаржының басым бөлігі әлеуметтік міндеттемелер мен өңірлерді қолдауға жұмсалған. Өкініштісі, жергілікті бюджеттерде бөлінген ақшаның бір бөлігі әлі күнге дейін игерілмей, шаң басып жатыр. 

АРМАН ШАҚҚАЛИЕВ, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:

Жыл басынан бері қазақстандық 200-ден астам компанияның қатысуымен 9 сауда-экономикалық миссия өтті. Нәтижесінде 1,7 млрд доллардан астам сомаға экспорттық келісімшарттар жасалды. Отандық компаниялар Қытайдағы халықаралық көрмелерге қатысты. Экспорттық-кредиттік агенттік желісі бойынша 570 млрд теңгеден астам қаржылық қолдау көрсетілді.

Ақша бар, бірақ нәтиже аз. Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов бюджет қаражатын тиімсіз жұмсап, созбаққа салғандарды сынға алды. Жыл соңына дейін инвестициялық жобаларды уақытында аяқтауды, бөлінген әр теңгені сапалы игеруді қатаң тапсырды. 

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Біздің алдымызда экономиканың сапалы өсімін қамтамасыз ету міндеті тұр.

Жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін әрбір министр мен әкім барынша үйлесімді әрі тиімді жұмыс істеп, тікелей жауапкершілік танытуы тиіс.

Ендігі басты міндет - экономикалық өсімді сөзбен емес, іспен сақтап қалу. Ол үшін шикізатқа телмірмей, нақты өндірісті дамытып, бюджет ақшасын үнемді жұмсау қажет. Жыл соңында бұл шаралардың қаншалықты нәтиже бергені белгілі болады.