$448.45 €501.59 ₽5.36

"Ауқатты адамдар мемлекетке сүйенбеуі керек": Әлеуметтік жәрдемақы тағайындау тәртібі өзгереді

AstanaTV
14.10.2026ж. 19:00
"Ауқатты адамдар мемлекетке сүйенбеуі керек": Әлеуметтік жәрдемақы тағайындау тәртібі өзгереді

Келер жылдан бастап қазақстандықтардың табысы мен депозиттері туралы мәліметтер әлеуметтік көмек тағайындау кезінде ескеріледі. Банктер бұл ақпаратты Еңбек министрлігіне береді. Жаңа тәртіп кімдерге әсер етеді? Құрылтайда тағы қандай бастамалар көтерілді? Толығырақ Аяулым Изатқызының материалында.

АЯУЛЫМ ИЗАТҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

4,6 триллион теңге. Келесі жылы ел бюджетінде дәл осындай қаржы тапшылығы болады деп күтілуде. Ашығын айтсақ, мемлекеттің тапқанынан жұмсайтыны көп болып тұр. Жоспар бойынша Үкімет алдағы үш жылда осы аралықты барынша азайтуы тиіс. Яғни, тапшылық 2028 жылы 2,2 триллионға, ал 2029 жылы 1 триллион теңгеге дейін кемуі керек. Сонда үш жылда шығын 3,6 триллион теңгеге қысқарады.

Келесі жылы ел қазынасынан 30,2 триллион теңге жұмсалмақ. Ал кірісіміз, Ұлттық қорды есептемегенде, 20 триллионға да жетпейді. Ақшаның басым бөлігі халықтың әлеуметтік жағдайын түзеуге және аймақтарды көркейтуге кетеді. Осыған орай Бектенов бастаған топ Ұлттық қордан алатын қаржыны жыл сайын азайтамыз деп бекініп отыр. Ал бұл межеге жету үшін экономикамыз кемі 5 пайызға өсуі тиіс.

СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

Базалық нұсқаға сәйкес, 2027-2029 жылдары жалпы ішкі өнімнің нақты орташа жылдық өсуі 5%-дан жоғары деңгейде болжануда. 2027 жылы - 5,3%, 2028 - 5,5, 2029 жылы - 5,4%.

Алайда бұл көрсеткіш халықаралық қаржы ұйымдарының болжамдарынан жоғары. Мәселен, Халықаралық валюта қоры 2027 жылы 4,4 пайыз, Дүниежүзілік банк 3,9 пайыз, ал Ұлттық банк 3,5 пайыз өсім болады деп күтуде. Осы айырмашылықты алға тартқан депутат Гүлназ Атамқұлова министрдің сөзіне күмән келтірді.

ГҮЛНАЗ АТАМҚҰЛОВА, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, "ӘДІЛЕТ" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Егер Ұлттық банктің немесе Халықаралық валюта қорының болжамы расталса, Үкімет белгіленген шекті параметрлерді сақтау мақсатында шығындарды қысқартуды жоспарлап отыр ма? Егер солай болса, қандай бағыттарда? Макроэкономикалық жағдай күрт нашарлаған кезде бюджет параметрлеріне қатысты жалпы жоспар қандай?

Министр экономиканың негізгі қозғаушы күштерінің бірі өңдеу өнеркәсібі болатынын атап өтті. Бұл салада орташа өсім 5,9 пайызға жетеді деп күтіледі.

СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

Экономиканы әртараптандыру бойынша қабылданып жатқан шаралардың арқасында қазір өңдеу өнеркәсібі өте жақсы дамып жатыр. Орташа есеп бойынша өсім 5,9 пайыз болады. Оның ішінде негізгі драйверлер – машина жасау, металлургия, химия өнеркәсібі, тамақ өнеркәсібі және құрылыс материалдарын өндіру.

Үкімет шығынды қысқартудың басты жолын әлеуметтік көмек жүйесінен көріп отыр. Мемлекеттік жәрдемақы енді отбасының атына емес, нақты қаржылық жағдайына қарай берілмек. Мемлекет осы реформаның арқасында үш жылда 2,5 триллион теңге үнемдемекші.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Бүгінде көпбалалы отбасы бай болсын, кедей болсын, мемлекеттен бірдей қолдау шараларын алады. Біздің ойымызша, бұл – әділетсіздік. Ауқатты, өз күнін өзі көруге мүмкіндігі бар адамдар мемлекет көмегіне сүйенбеуі керек. Олар өз күшіне сенуі қажет.

Осылайша 1 қаңтардан бастап азаматтардың шоттары мен табысы банктер мен «Отбасының цифрлық картасы» арқылы тексеріледі. Егер отбасының шын мұқтаж екені дәлелденсе, көмек автоматты түрде тағайындалады. Ал жағдайы жақсылар мемлекет қазынасына қол созбайды.