Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Соңғы 4 жылда сотқа түскен даудың 25 мыңнан астамы медиация көмегімен шешілген

AstanaTV
03.04.2018ж. 20:00
2597
Соңғы 4 жылда сотқа түскен даудың 25 мыңнан астамы медиация көмегімен шешілген

Соңғы 4 жылда сотқа түскен даудың 25 мыңнан астамы медиация көмегімен шешілген. Мұны Медиацияны дамыту орталығының өкілдері айтты. Медиаторлардың көмегіне Алматы, Астана, Оңтүстік Қазақстан мен Қарағанды тұрғындары жүгінетін көрінеді. Сотқа жүгінбей-ақ дауды қалай шешуге болады? Тілшіміз сабақтайды.

Кезекті отбасылық дау. Бітімгердің алдында ажырасқан ерлі-зайыпты. Дау әкенің 2 баласына тиесілі алименттің төлемеуінен басталған. 30 жастағы жас ана одан ақша өндіре алмаған соң сотқа шағымданған. Мұндай іс жетіп артылады. Сондықтан сот арызданушыға медиатор көмегіне жүгінуге кеңес берген.

Айкен Райханова, кәсіби медиатор:

Бұл жерде сіздер өзара медиативтік келісім жасап, ортақ шешімге келесіздер. Бір-бірлеріңіздің алдындағы міндеттерді орындауларыңыз керек.

Алимент төлеуден жалтарып келген әке әр балаға тағайындалған 8 000 теңгені 2 жыл бойы төлемеген. Бітімгерліктің арқасында ерлі-зайыптылар ортақ мәмілеге келді. 2 баланың әкесі енді ай сайын 25 000 теңге төлейтін болып келісті. Келісім орындалмаса, іс сотқа кетеді.

Рустам Жылқыбаев, заңгер:

Кез-келген медиативтік келісім орындалмаған жағдайда, келісімді бұзған медиация тарапы заңда көзделген тәртіппен жауапкершілікке тартылады. Қол жеткізген дауды реттеу туралы келісім дереу сотқа жіберіледі. Сот шешім шығарған соң, сот орындаушысы тиісті шараны қолданады.

Сотқа отбасылық даулармен келетіндер көп. 2014-2017 жылдар аралығында 25 мыңнан астам іс медиаторлар көмегімен шешімін тапқан. Оның 6 мыңнан астамы отбасылық дау. Елде екі тараптың дауын реттейтін 800-ге жуық маман бар. Олар әр облыста, тіпті кейбір ауылдарда да бар көрінеді. Бірақ көбіне олардың қызметіне Астана мен Алматы және Оңтүстік Қазақстан мен Қарағанды облысының тұрғындары жүгінетін көрінеді.

Салтанат Әбдіқадырова, «Медиацияны дамыту орталығы» РҚБ басқарма мүшесі:

Сотта қазір міндетті медиация деген жоба іске асырылуда. Соған байланысты 13 санатты істер бойынша бірінші медиаторларға жіберіледі. Сіз мәселеңізді медиация арқылы шешіп келіңіз деп, олардың ішінде қылмыстық істер бар, дәрежесі орта және төмен дәрежеде қылмыстық істер, оның ішінде еңбек даулары бар. Біздің көптеп қарастыратын, мына азаматтық қатынастар.

Былтыр елде 5 мыңға жуық азаматтық іс қаралған. 4 мыңнан астам қылмыстық іс шешімін тапқан. Бір жарым мыңдай әкімшілік іс пен еңбек дауы да шешілген. Медиатор көмегіне жүгіну үшін сотқа тапсырған істі қайтарып алуға болады. Ол кезде түйін де тез тарқатылуы мүмкін. Өйткені медиаторлар дауды 30 күн ішінде шешіп, бітімге келетін жолды ұсынуы тиіс. Әйгерім Мейрханова