Ал Африка елдерінің қатысушыларына 100 тегін оқу орнын қарастырады және Қазақстанда ХЭО Акселерация орталығын құруға практикалық серпін береді, деп хабарлайды Astana TV.
Қазақстанның ХЭО кіші кәсіби қызметкерлер бағдарламасына (Junior Professional Officers, JPO) қосылуы туралы келісімге Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен ХЭО Бас хатшысы Дорин Богдан-Мартин қол қойды. Қазақстан бағдарламаны 0,6 жарна бірлігіне баламалы үлеспен қолдауды жоспарлап отыр. Аталған бірліктерді бөлуге қазақстандық байланыс операторлары жәрдем көрсетті.
Бағдарлама қазақстандық жас мамандарға ХЭО-да практикалық жұмыс тәжірибесін жинақтауға, халықаралық сарапшылармен өзара іс-қимыл жасауға және ұйымның бастамаларына қатысуға мүмкіндік береді. Алған білімі мен дағдыларын олар Қазақстандағы цифрлық жобаларда қолдана алады.
Екінші құжат Африка елдерінің қатысушыларына арналған 100 тегін оқу орнын қарастырады. Оқу цифрлық технологияларды, бағдарламалауды және жасанды интеллектіні қамтиды. Ол Astana Hub, alem.ai, Tech Orda, TUMO және Tomorrow School сияқты қазақстандық білім беру және технологиялық бастамалардың тәжірибесіне сүйене отырып ұйымдастырылады.

Құжатқа Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мусалиев пен ХЭО Электрбайланысты дамыту бюросының директоры Космас Завазава қол қойды.
Тағы бір практикалық қадам – ХЭО мен ЦАРКА арасында Қазақстандағы ХЭО Акселерация орталығының моделін әзірлеу және валидациялау жөнінде жасалған хат-келісім. Орталықты құру туралы келісімге Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен ХЭО 2026 жылғы 5 шілдеде қол қойған болатын. Ол жобаның институционалдық негізін қалады. Жаңа хат-келісім Орталықтың дизайнын әзірлеуге нысаналы қаржыландыру бөлуді көздейді.
Жобада Министрліктің мемлекеттік және институционалдық қолдауы, ХЭО-ның халықаралық әдіснамасы мен желісі, ЦАРКА-ның сараптамалық әлеуеті мен үлесі, сондай-ақ Astana Hub-тың экожүйелік рөлі біріктіріледі. Орталық ХЭО-ның ITU Playbooks әдістемелік материалдарын пайдаланып, негізгі тиімділік көрсеткіштері бойынша жұмыс істейді әрі осы материалдарды іс жүзінде қолдану нәтижелері бойынша ХЭО-ға кері байланыс береді. Бұл жаһандық әдістемелерді нақты міндеттерге бейімдеуге және Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда да ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді.
Бастама Қазақстанның халықаралық деңгейде цифрлық білім мен білім беру мүмкіндіктерін ұсынушы ел ретіндегі рөлі нығайып келе жатқанын көрсетеді. Ел өз технологиялық әлеуетін дамытып қана қоймай, жинақтаған тәжірибесі мен білім беру шешімдерін шетелдік серіктестерімен бөлісіп, цифрлық кадрлар даярлауға және жаһандық цифрлық алшақтықты қысқартуға практикалық үлес қосып отыр.
«Бұл уағдаластықтар Қазақстандағы кәсіби мүмкіндіктерді дамытуды тәжірибемізді серіктестермен бөлісуге дайындығымызбен ұштастырады. Жас мамандар халықаралық практикалық тәжірибе жинақтай алады, ал Африка елдерінің қатысушылары сұранысқа ие цифрлық дағдыларды оқып-үйренуге мүмкіндік алады. Сондай-ақ біз Қазақстан мен өңірдің қажеттіліктерін ескере отырып, халықаралық тәсілдерді қолдануға көмектесетін Орталықты практикалық тұрғыда әзірлеуге көшіп жатырмыз», – деді Жаслан Мәдиев.
Қазақстан мен ХЭО уағдаластықтарды жүзеге асыруға кірісіп, бағдарламаларды іске қосу бойынша алдағы қадамдарды айқындауды жоспарлап отыр.