$452.12 €508.95 ₽5.41

Жәрдемақыдан бас тартқан қазақстандықтардың төлемі 2027 жылдың қаңтарына дейін тоқтатылады

18.10.2026ж. 07:08
Жәрдемақыдан бас тартқан қазақстандықтардың төлемі 2027 жылдың қаңтарына дейін тоқтатылады
Фото: gov.kz

Қазақстанда 200-ден астам азамат кейбір мемлекеттік жәрдемақыны алуды өз еркімен тоқтату туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Astana TV.

"Қазіргі тұрмыстық жағдайын бағалай келе, отбасын өз бетінше қамтамасыз ете алатынына көз жеткізген азаматтар осындай шешім қабылдаған. Олар мемлекеттік көмектен мүлде бас тартып жатқан жоқ. Тек өздеріне тиесілі төлемді алуды тоқтатып, бұл көмектің бүгінгі күні шын мұқтаж отбасыларға бағытталғанын қалайды", - делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі таратқан хабарламада.

Мұндай шешім қабылдаған азаматтар арасында кәсіпкерлер, көпбалалы ата-аналар және тұрмыстық жағдайын жақсартып, бүгінде отбасын өз бетінше қамтамасыз ете алатындар да бар.

Бұрын аталған жәрдемақылар азаматтың белгілі бір әлеуметтік санатқа жатуына қарай тағайындалатын. Кейбір жәрдемақылар азамат өтініш бермей-ақ, автоматты түрде рәсімделетін. Ал SMS арқылы жәрдемақыдан өз еркімен бас тартудың жеңілдетілген тәртібі бұрын болмаған. Енді азаматтарға осындай мүмкіндік беріліп отыр, дейді министрліктегілер.

Бұған дейін Отбасының цифрлық картасындағы мәліметтер бойынша әлеуметтік жағдайы жоғары А санатына жататын отбасылардың кейбір жәрдемақы алушыларына SMS-хабарлама жіберілген. Онда азаматтарға тиісті төлемнен өз еркімен бас тарту мүмкіндігі түсіндірілген.

"Азамат жәрдемақыдан бас тарту туралы шешімін SMS-хабарламаға жауап беру арқылы білдіре алады. Өз еркімен бас тартқан азаматтардың тиісті төлемдері 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін, яғни әлеуметтік қолдаудың жекелеген түрлерін тағайындаудың жаңа тәртібі күшіне енгенге дейін тоқтатылады. Бұл ретте тек азамат бас тартқан төлем ғана тоқтатылады", - деп хабарлады министрлік.

Отбасының цифрлық картасы мемлекетке әр отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайын нақтырақ бағалауға көмектеседі. Соның негізінде мемлекеттік қолдау отбасының шынайы жағдайына қарай көрсетіледі. Әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдірудегі басты мақсат та осы, көмекті уақытында көрсетіп, оны ең алдымен шын мұқтаж адамдарға бағыттау, дейді мамандар.

Осы ретте SMS-хабарламаның келуі жәрдемақының автоматты түрде тоқтатылатынын немесе төленбей қалатынын білдірмейді. Бұл шешімді азаматтың өзі қабылдайды. Ал заңда көзделген жәрдемақыны алуды жалғастырған азаматтар мемлекеттік қолдауға деген заңды құқығын пайдалана береді.

2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда мемлекеттік әлеуметтік қолдаудың кейбір түрлерін тағайындау кезінде жаңа тәсілдер қолданыла бастайды. Тиісті көмекке құқығы бар-жоғын анықтағанда азаматтың белгілі бір әлеуметтік санатқа жататыны ғана емес, Отбасының цифрлық картасындағы мәліметтер негізінде бағаланатын отбасының әлеуметтік әл-ауқаты да ескеріледі.