«Қазгидромет» мамандары 19 қазанға арналған ауа райы болжамын жариялады. Синоптиктердің мәліметінше, Қазақстанның бес өңірінде үсік жүруі мүмкін, деп хабарлайды Astana TV.
Ал елдің солтүстігі, батысы және солтүстік-батысында жаңбыр жауады деп күтіледі. Қалған аймақтарда антициклонның әсерінен жауын-шашын болмайды.
Қай өңірлерде үсік жүреді?
Жетісу облысында түнде ауа температурасы -2…-7 градусқа дейін төмендейді. Түркістан облысының солтүстігінде, Жамбыл облысының шығысында, Алматы облысының солтүстігі мен батысында -1…-3 градус үсік күтіледі.
Ал Қызылорда облысының солтүстігінде топырақ бетінде -1 градусқа дейін үсік жүруі ықтимал.
Желдің екпіні 28 м/с-қа дейін жетеді
Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында күндіз желдің жылдамдығы секундына 23–28 метрге дейін күшейеді. Осындай екпінді жел Петропавлда да болжанып отыр.
Көкшетауда желдің екпіні секундына 23 метрге, Қостанайда 15–20 метрге дейін жетуі мүмкін.
Павлодар, Жамбыл және Түркістан облыстарының жекелеген аудандарында жел секундына 15–20 метрге дейін күшейеді. Маңғыстау облысында оның жылдамдығы 15–18 м/с, Қарағанды облысында 15 м/с-қа дейін жетеді.
Астана мен бірнеше қалада тұман түседі
Синоптиктердің болжамынша, түнде және таңертең Астана, Қарағанды, Семей және Өскемен қалаларында тұман болады.
Сонымен қатар тұман Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының, Абай мен Ұлытау облыстарының жекелеген аудандарында күтіледі. Жамбыл және Түркістан облыстарының таулы аймақтарында да тұман түсуі мүмкін.
Бірқатар өңірде өрт қаупі сақталады
Қызылорда облысының басым бөлігінде, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Ұлытау және Жетісу облыстарының кейбір аудандарында төтенше өрт қаупі болжанып отыр. Бұл қауіп Атырау, Жезқазған және Қызылорда қалаларында да сақталады.
Ал Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда, Қостанай және Түркістан облыстарының жекелеген аумақтарында жоғары өрт қаупі күтіледі.
Синоптиктер тұрғындарға ауа райы болжамын ескеріп, сақтық шараларын ұстануға кеңес береді.