$448.61 €503.83 ₽5.48

Астанада алғаш рет операция бөлмесі бар балалар жарақат пункті бой көтерді

AstanaTV
22.10.2026ж. 19:00
Астанада алғаш рет операция бөлмесі бар балалар жарақат пункті бой көтерді

Елордада алғаш рет операция бөлмесі бар жарақат пункті бой көтерді. Елордалық №2 көпбейінді балалар ауруханасында жаңа ғимарат пайдалануға берілді. Енді, медициналық көмекке мұқтаж бүлдіршіндерге шұғыл көмек көрсету уақыты едәуір қысқарады. Кабинеттердің бір-біріне жапсарлас орналасуы медициналық көмектің тез әрі тиімді болуына септігін тигізбек.

Алдыңғы жарақат пункті 350 орынға арналған. Бірақ, халық санының артуына байланысты күніне келетін бүлдіршіндер саны кейбір күндері 1000 асып-жығылады. Осы қажеттілікті ескере отыра жаңа ғимарат салынып, әлемде бар ең озық жабдықтар мен қондырғылар орнатылды.

БАЙМАХАН САДУОВ, №2 ҚАЛАЛЫҚ КӨПБЕЙІНДІ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫ ЖАРАҚАТ ПУНКТІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Жұмыс орындарының орналасуы, қандай қондырғы керек? Шет мемлекеттердің ауруханалары мен өзге мекемелерді қарап, зерттедік. Осы бізге ыңғайлы жобаға ұсыныс бердік. Қазір сол жобамыз жүзеге асып жатыр.

Жаңа жансақтау бөлімі де ақ халатты абзал жандардың мақтанышына айналмақ. Себебі, бұрын 1 ғана төсек орын болып, қатарынан 2 бала келген жағдайлар болған. Енді бірден 3 орын жасақталды.

НҰРСҰЛТАН ҚҰРБАНБЕКОВ, АНЕСТЕЗИОЛОГИЯ ЖӘНЕ ЖАНСАҚТАУ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Ультрадыбыстық зерттеу қазіргі таңда, анестезиология және реаниматология саласында тасымалдайтын зерттеулер жиі қолданылады. Сол себепті, қазіргі жаңа аппараттар жаңа әдістер, жаңа хаттамалармен жұмыс істеуге жақсы мүмкіндік береді.

Елордадағы операция жасау бөлімі бар алғаш балалар жарақат пункті әлі талай өмірді аман алып қалады, - дейді аурухана директоры. Гүлнар Құлышеваның айтуынша, әр қондырғы дәрігерлердің тапсырысын ескере отырып алынған.

ГҮЛНАР ҚҰЛЫШЕВА, №2 ҚАЛАЛЫҚ КӨПБЕЙІНДІ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Жылына 125 мың балаға дейін келеді. Оның ішінде 15 мың ота жасалады. 15 мыңның ішінде 9000 мыңы – жедел оталар жасалып жатыр.

Айта кетейік, бұл аурухана елордалық балаларға ғана емес, өзге өңірлерден санитарлық авиациямен шұғыл келген бүлдіршіндерді де қабылдайды.