Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

Тайсойған әскери сынақ алаңында ауыл шаруашылығы жанданбақ

AstanaTV
23.02.2016ж. 20:00
4683
Тайсойған әскери сынақ алаңында ауыл шаруашылығы жанданбақ

Атырау облысы Тайсойған әскери сынақ алаңы аумағында ауыл шаруашылығын өркендету қолға алынбақ. Президент Қазақстан-Ресей арасында сынақ орталығын жалдау туралы шартқа өзгеріс енгізу хаттамасын ратификациялау Заңына қол қойды. Нәтижесінде Тайсойғанның 90 пайызы жергілікті әкімдік қарамағына өтеді. 749 мың гектар жердің 624 мыңы қайтарылады.

Әскери сынақ аумағы Қызылқоға ауданының үштен бір бөлігін алып жатыр. Жергілікті билік бұл жерді «мал шаруашылығына қолайлы, шөбі шүйгін әрі құнарлы» деп отыр. Алайда көрші мемлекеттің құзырында болғандықтан, бұл алқапты шаруалар пайдаға жарата алмай келген. Тіпті сынақ аумағында қалған қыстақтарын да заңдастырмаған көрінеді. Заңды құжаты болмаған соң, мемлекеттің шаруаларға беретін қолдау қаржысынан қағылыпты. Енді бұл  аумақта мал шаруашылығын дамыту жоспарда бар.

Мақсот Мұқанов, Атырау облысы Қызылқоға ауданының әкімі:

Осы жерде ауданның сапалы мал азығы дайындалды. 50 мыңға дейін шөп дайындалды. Үштен бірі қажетті шөптің. Қазірдің өзінде мүмкіндік бар. Қазірдің өзінде 100 мың гектар жерге сұраныс  бар алты қожалықтан.  Бұл тағы өседі деп  есептеп отырмыз. Бұл біз үшін жаңа екінші тынысымыз ашылғандай болады деп ойлап отырмыз. Ауыл шаруашлығына өте бір ыңғайлы жер.

Әкімнің айтуынша, бұл аумақта жер асты суының да мол қоры бар. Сондықтан сынақ аумағын жан-жақты  пайдалану мүмкіндігі зор.

Айта кетейік, Тайсойған 1949 жылдан бастап әскери сынақ алаңына айналды. 1966-1977 жылдар аралығында 24 мәрте ядролық қару сынағы жасалған. Жарылыстың жердегі тереңдігі 500 метрге дейін жеткен. Қорғаныс министрлігінің ақпары бойынша, 2000 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Тайсойған әскери полигонында қару-жарақ сынағы жүргізілмеген. Ал ресейліктерге сынақ алаңы ретінде 125 гектар жер қалдырылды.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ