$457.09 €508.42 ₽5.67

Ozon-да әріптестерін жұмыстан кетіруге арналған сиқырлы шам танымал бола бастады

Ozon-да әріптестерін жұмыстан кетіруге арналған сиқырлы шам танымал бола бастады
livemaster.ru

Ресейде кейбір қызметкерлер өздеріне жақпайтын басшылар мен әріптестерінен құтылу үшін эзотерикалық тәсілдерге жүгіне бастаған. Ozon маркетплейсінде адамды жұмыстан кетіруге арналған сиқырлы шамға сұраныс артып келеді, деп хабарлайды Astana TV. 

Шөптер қосылған балауыздан жасалған бұйым жұмыс орнында жанжал шығарып, түрлі интригаға баратын немесе үнемі бақылау жүргізетін адамдардан арылуға көмектеседі деп жарнамаланған. Маркетплейстегі мәліметке сәйкес, шамның бағасы – 687 рубль.

Өнімді әзірлеушілер шамды арнайы рәсімдерге арналған құрал ретінде ұсынады. Сипаттамада оның қолдан жасалатыны және шебер тарапынан алдын ала белсендірілетіні жазылған. Жарнамалық баннерде рәсімнің кері жағымсыз салдары болмайтыны айтылып, жалын энергиясы қажетсіз адамның қызметінен кетуіне ықпал етеді деген тұжырым келтірілген.

Маркетплейстегі көрсеткіштер де тауарға қызығушылық жоғары екенін аңғартады. Шамның рейтингі 5 балдың 4,9-ын құрайды. Ол шамамен 18 мың баға алған. Пікірлер бөлімінде сатып алушылар өнімді қолдану тәжірибесімен бөлісіп, әріптестеріне қатысты өткізген рәсімдері туралы жазған.

Сатып алушылардың бірі өзіне жақпайтын әріптесінің фотосуреті алдында жеті күн бойы арнайы рәсім жасағанын айтқан. Оның сөзінше, дұғаға ұқсас мәтінді оқыған кезде сурет жапсырылған қағаз жылына бастаған.

«Маған кедергі келтіретін әйел қазір тынышталды. Бір жылға жуық уақыт бойы менің эмоцияммен қоректеніп келген еді, ал қазір ауруханаға кетіп қалды. Рәсімді оған жамандық жасау үшін емес, өзімді қорғау үшін бастадым», – деп жазған сатып алушылардың бірі.

Алайда шамның адамды жұмыстан кетіруге ықпал ететіні туралы мәлімдемелер сатып алушылардың жеке пікірлеріне негізделген. Оның мұндай әсері ғылыми тұрғыдан дәлелденбеген.